Жаңа оқу жылында Орал қаласындағы 50 мектепте барлығы 59 000 оқушы білім алмақ. Ал олардың 7203-і бүгін алғаш мектеп табалдырығын аттады. Оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілер есебінен, сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті орта білім қорынан 3000-ға жуық балаға әлеуметтік көмек көрсетілді.
Осындай қуанышты күні қала әкімі Миржан Сатқанов шаһарымыздағы №16 жалпы орта білім беретін мектебіне барып, оқушылар мен ұстаздарды білім күнімен күнімен құттықтады.
-Баршаңызды білім күнімен – жаңа оқу жылының басталу салтанатымен құттықтаймын. Міне, бүгін еліміздегі барлық мектептер шәкірттері үшін есіктерін айқара ашты. Бүгін білім алуға асыққан жас ұрпақ үшін айрықша күн. Бұл – мұғалімдер мен ата-аналар үшін де ерекше мейрам. Жаздың жаймашуақ күндері аяқталып, оқушыларымыз өз алтын ұяларына оралды. Мектепке алғаш қадам басқан балғындар да ортамызда. «Балалар жылымен» тұспа-тұс білім әлеміне басқан қадамдарың құтты болсын. Мемлекет тарапынан сіздердің сапалы білім мен саналы тәрбие алып, жан-жақты дамуларыңыз үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда. Білім беру сапасын жақсарту үшін мектеп кабинеттері жабдықталып, оқушыларға жайлы орта қалыптастыру мақсатындағы жұмыстар жүргізілуде. Коворкинг орталықтары жабдықталып, мектеп дәліздерінде оқушылар үшін тоғызқұмалақ, дойбы ойнауға, кітап оқуға арналған еркін ойын алаңдары ұйымдастырылды. Жаңа оқу жылы жемісті болсын. Еліміздің болашағы –білімді шәкірттеріміздің ұстаздар мен ата-ананың үмітін ақтау үшін білім шыңынан көрінулеріне тілектеспін. Кемел келешек, білімді ұлт қалыптастыру жолындағы жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін,- деді шаһар басшысы.
Салтанатты жиында 1 сынып оқушылары өлең оқып, ән шырқады. Ал биылғы оқу жылының түлектері алғаш мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндерге «Білім кілтін» табыстады.