Бүгін Орал қаласында білім беру қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.

Бүгін Орал қаласында білім беру қызметкерлерінің  дәстүрлі тамыз кеңесі өтті.
«Білімнің басты құндылықтары: отаншылдық, білімге құштарлық, еңбекқорлық» тақырыбындағы конференция Жастар мәдениет сарайында өтіп, оған Орал қаласы әкімінің міндетін атқарушы М.Нұржанов, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы С.Темірғалиева және білім беру саласының қызметкерлері, ардагер-ұстаздар қатысты.
Мәдениет сарайы фойесінде көрме ұйымдастырылды. Шара «Білімге құштарлық» қойылымымен бастау алды.
Пленарлық мәжілісті қалалық білім бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова алғысөзімен ашты. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша басты білім жетістіктерін атап, педагогтар қауымына алғысын білдірді. Сонымен қатар қаланың білім беру ұйымдарын дамытудағы негізгі тетіктерді, оның ішінде модельдік мектептерді дамыту басымдығына айрықша тоқталды.
Орал қаласы әкімінің міндетін атқарушы Мирболат Нұржанов білім беру саласын дамытудағы атқарылған жұмыстар мен жоспарланған жобалармен бөлісіп,білім беру ұйымдарының алдағы оқу жылындағы басты міндеттерге тоқталды. Балалар қауіпсізідігін қамтамасыз ету, бүлдіршіндерді мектепке дейінгі ұйымдармен қамту мақсатында жеке кәсіпкерлерді балабақша ашуға ынталандыру, оқушыларға кәсіби бағдар берудегі жұмысты жандандыру, жас жеткіншектердің азаматтық борыш пен қоғам алдындағы міндеттерін орындауға дайындық деңгейлерін қалыптастыру, дарынды оқушыларға қолдау көрсету және мектептердегі менеджмент сапасын арттыру мәселелеріне жете көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.
Шара қонағы ұлттық тәрбие мен білімді ұштастырған Нұр-Сұлтан қаласындағы Қайым Мұхамедханов атындағы №90 ұлттық гимназия директоры Аятжан Ахметжанұлы саладағы өз тәжірибелері негізінде заманауи мектепті дамытудағы ұсыныстарын ортаға салды. Осы тақырыппен үндес «Мұғалім-ата-ана-оқушы» үштік одағын нығайту, ата-ана мен мектептің тығыз байланысы туралы облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрлан Сәдір тоқталды. Педагогика ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор, қалалық мәслихат депутаты, «Ұлттық ұстаз» онлайн академиясының өкілі Светлана Бахишева бейнебайланыс арқылы ұлтжанды бала тәрбиелеудегі өзінің ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесіндегі ата-аналарға арналған кеңесімен бөлісті.
Жиынның іс-тәжірибелер алаңында балабақша меңгерушісі Эльмира Еришева, мектеп басшылары Ибагүл Сатдықова мен Нұржан Алпысбаев ерте даму ортасын қалыптастыру, жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу туралы баяндады. Сондай-ақ жас мамандарының шығармашылық қабілетін дамыту, жаңашыл идеяларды көтеруде бастау алған «Zhastar time» жобасының таныстырылымы ұсынылды.
Жиында білім беру саласының қызметкерлері арнайы номинациялар бойынша қала әкімінің марапатына ие болды. Сонымен қатар білім беру саласында ұзақ жылдар қызмет етіп, саланың дамуына елеулі үлес қосқан қызметкерлер Қазақстандық салалық және облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен және Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Өткен оқу жылында облыстық, республикалық деңгейде жетістіктерді бағындырған ұстаздарға Орал қаласы білім беру бөлімінің алғыс хаты және 100 мың теңгелік сертификат табыс етілді.
Іс-шара соңы Орал қаласы білім ұйымдарының балғын өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен түйінделді.