Серебряков ауылында жаңа модульді дәрігерлік амбулатория ашылды

Серебряков ауылында жаңа модульді дәрігерлік амбулатория ашылды
Бұған дейін ауылда тек фельдшерлік пункт болған. Енді Серебряков ауылында №6 қалалық емхананың филиалы ретінде ашылған орталықта жалпы тәжірибелік дәрігер де, өзге мамандар да тұрғындарды тұрақты негізде қабылдайтын болады.
-Бүгін отбасылық дәрігерлік амбулатория салтанатты түрде ашылып отыр. Бұл жергілікті тұрғындар үшін көптен күткен сәт. Енді олар көптеген медициналық қызметтерді тұрғылықты жері бойынша ала алады. Сондай-ақ, біз амбулаторияға 8 жергілікті тұрғынды жұмысқа орналастырамыз. Бұл кентіміздің одан әрі дамуы үшін жасалып жатқан оңды істердің бірі, - деді Круглоозерный кентінің әкімі Аманбай Нығметов.
Модульдік дәрігерлік амбулатория бір ауысымда 30 келушіні қабылдайды. Мұнда жалпы тәжірибелік дәрігер, фельдшер және екі мейірбике тұрақты жұмыс істейді. Сонымен қатар аптасына үш рет қаладан мамандар келіп, тұрғындарға қабылдау жүргізеді. Сондай-ақ орталықта қан талдау анализдерін тапсыруға да мүмкіндік бар.
-Мұнда алдағы уақытта күндізгі стационар ашылады. Бұрын жергілікті тұрғындар Круглоозерный ауылына немесе орталық емханаларға баруға мәжбүр болса,енді бұл қызметтер осы жерде көрсетілетін болады. Барлығы ауыл тұрғындарының жайлылығы үшін жасалып отыр, - деді №6 қалалық емхананың директоры Жұмабек Шайхиев.
Жаңа модульді дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатына Орал қаласы әкім аппаратының басшысы Алтай Құлқаев, БҚО денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айгүл Кулбаракова, №6 қалалық емхананың директоры Жұмабек Шайхиев қатысып, орталық жұмысына сәттілік тіледі.