Жиында Миржан Мұнайдарұлы Орал қаласының кенттік және селолық әкімдерінің, тұрғын үй және жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, кәсіпкерлік салаларындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізілген шаралардың есебін тыңдады.
Кент және село әкімдері, дербес бөлім басшылары баяндамаларында жыл басынан бері жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаудың нәтижелерін ортаға салды. Шаһар басшысы жиынға қатысушыларға ашықтық принципі арқылы халыққа қолайлы қызмет көрсетуге айрықша басымдық беру қажеттігін жеткізді.
Осы тұста Деркөл кентінің әкімі Жұбан Жұмағалиев жаңа жұмыс үлгісіне көшу, яғни тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді сапалы әрі жедел алуға мүмкіндік беретін «ашық әкімдік» форматының ыңғайлылығын атап өтті.
Жиынға қатысқан ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті превенция және парасаттылық басқармасы басшысы Біржан Хайруллин:
Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында ішкі талдау жұмыстарын тұрақты негізде жүргізіп, анықталған осал тұстарды заңнамалық тұрғыда жетілдіру үшін уәкілетті органдарға ұсыныстар беру жайында жұмыстар жүргізу қажет, – деді Біржан Марданұлы.
Қала әкімі жиын соңында сыбайлас жемқорлықтың қазіргі қоғамда өршіп тұрған мәселе екенін еске салып, онымен күресу үшін тиімді жүйелі жұмыстар жүргізуге тапсырма берді.