Биыл Орал қаласы бойынша 2103 түлек орта мектепті аяқтады.

Биыл Орал қаласы бойынша 2103 түлек орта мектепті аяқтады.
11 жылғы білімге деген ізденіс пен талпыныс, табанды еңбегінің нәтижесінде ата-ана, ұстаздарының сенімін ақтап 78 түлек «Алтын белгі», 53 түлек «үздік аттестат» иегері атанды.
Мектеп түлектерінің 27-сі республикалық, облыстық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларының жүлдегерлері, 50-ге жуығы спорт, дағды мен дарын, кітап оқу, ұлттық мұра бағыттары бойынша «Елбасы Медалінің» иегерлері.
2103 түлектің 1685-і ҰБТ тапсыруға ниет білдірді. Олар болашақта медицина, педагогоика, логистика, ІТ саласы бойынша мамандықтарды таңдауда.
Ал 14 түлегіміз қазірдің өзінде еліміздегі алдыңғы қатарлы және шетелдік жоғары оқу орындарының грант иегері атанып отыр.
Ағымдағы оқу жылында республикалық пәндік олимпиаданың алтын медаль иегері атанған Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицей түлегі Аида Ғинят Сүлеймен Демирель университетіне 100 пайыз жеңілдікпен оқу мүмкіндігін жеңіп алды.
№1 орта мектептің түлектері Айбибі Бауыржан Венгрияның Будапешт қаласындағы Дебрецен университетіне, Айнұр Алтайқызы Түркияның Карабюк университетіне шақырту алды.
№16 орта мектептің түлегі Лаура Әбілдаева Алматы қаласындағы менеджмент университетінің грантына ие болды.
№35 мектеп-лицейдің түлектері Ғарифолла Кенесары, Аркен Ғайсин, №28 мектеп-лицейдің түлектері Нұрсұлтан Марсельев, Аида Батыр, №41 мектеп-лицей түлегі Айбек Түменбаев, №21 орта мектеп түлегі Сейіл Негметов, №42 «Ақ ниет» гимназиясының түлегі Тоғжан Мағзом Назарбаев университетіне түсті.
Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназия түлегі Айжан Давлетбаева Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне, №42 «Ақ ниет» гимназиясының түлегі Әліби Ихсан Алматы қаласындағы МУИТИ университетінде білім алу грантын иеленді.
Ал Мәншүк Мәметова атындағы №27 мектеп-лицей түлегі Әділет Шыңғыс қос жоғары оқу орнының – Назарбаев университетінің және облыстық олимпиада қорытындысы негізінде Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің грантын ұтып алды.
Өмірдің жаңа белесіне қанат қаққан барша мектеп бітіруші түлектердің ғылым-білім жолында талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын, еліміздің өркендеуіне лайықты үлес қосатын білікті де, білгір маман болуына тілекшіміз.
Ақ жол Сіздерге, қымбатты жас түлектер!