Бүгін Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов Зашаған кентінің тұрғындарымен кездесті.

Бүгін Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов Зашаған кентінің тұрғындарымен кездесті.
№10 мектепте өткен жиында алдымен кент әкімі Аққали Әубекеровтың есебі тыңдалды. Ол биыл кентте атқарылатын жұмыстар мен жоспарланған жобалар жайынан тұрғындарды хабардар етіп, кейін жиналғандар сұрақ қоюға мүмкіндік алды.
Кездесуге жиналған тұрғындардың басым бөлігі инфрақұрылым, кентті дамыту, оның әлеуетін арттыру жөнінде өтініштері мен пікірлерін айтты. 67 мыңнан астам халқы бар кенттегі күрделі мәселелердің бірі – жол мәселесі. Тұрғындар күз бен көктемдегі жолдың жағдайын айтып, мәселені оңтайлы шешуді сұрады.
Бұл сұрақтарға шаһар басшысы жол мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
-Қазіргі таңда қаланың барлық ауданы мен кенттерінде басты мәселе - жол. Жол барлық ауданға қажет. Бүгінгі таңда бірқатар көшеде жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ең қажетті деген басым бағыттарды белгілеп алып, сол бойынша жұмыстанудамыз. Қолдан келгенше барлық өтініштерді қарастырып, шешімін табуға күш салып, жол мәселесін жүйелі түрде кезең-кезеңімен шешеміз,-деді Миржан Мұнайдарұлы.
Сондай-ақ жиында жаңадан бой көтерген үйлердегі жертөле жағдайы, интернет, әлеуметтік нысандар ашу, жарықтандыруға қатысты сауалдар қойылды.
Шаһар басшысы тұрғындар тарапынан жиі қойылған жертөле жағдайына қатысты сала мамандарына арнайы орынға барып, мән-жайды анықтап, нақты шараларды қолға алуды тапсырды. Бұдан бөлек, азаматтардың қойған өзге де сауалдарына түсіндірме беріп, заң аясында шараларды қолға алатынын жеткізді.
Кездесу соңында тұрғындар қала әкімінің жұмысына сәттілік тілеп, мұндай жиындардың жиі өткенін қалайтындықтарын білдірді.
Кездесуден кейін шаһар басшысы және оның орынбасарлары, Зашаған кенті әкімі, дербес бөлім басшылары тұрғындарды жеке қабылдап, сауалдарына жауап берді.