Орал қаласы әкім аппараты басшысының міндетін атқарушы Ерболат Каримовтың төрағалығымен өткен отырыста кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бойынша атқарылған шаралар турасында сөз қозғалды.
Алғашқы болып Орал қаласының жергілікті полиция қызметі бөлімі басшысының орынбасары Константин Недопекин қоғамдық орындарда, көшеде кәмелетке толмағандар және бұрын сотталған тұлғалардың құқық бұзушылықтары мен қылмыстары жөнінде баяндады.
Константин Александровичтің мәліметінше, 2022 жылдың 5 айында отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылыққа қатысты 7 факт тіркелген. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 40%-ға өскен. отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылыққа қайшы әрекеттері үшін 445 тұлға жауапқа тартылған. Ал бұрын сотталғандар арасында қайта қылмыс жасағандар саны 14,7%-ға өскен.
Осыдан кейін қала бойынша абаттандыру қағидаларын бұзып, жасыл екпелерді бүлдіріп, иннфрақұрылым объектілерін қиратуға қатысты ақпараттар жайынан Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Абылай Нұрмақов хабардар етсе, Орал қаласы әкім аппаратының кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссиясының жауапты хатшысы Татьяна Рогозина құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу бойынша атқарылып жатқан шараларды айтып өтті.
Күн тәртібі бойынша жасалған баяндамалардан кейін Орал қаласы әкім аппараты басшысының міндетін атқарушы Ерболат Каримов жүйелі жұмыстарды жүргізу бағытында нақты әрі тиімді тапсырмалар жүктеп, нәтижесі үнемі бақылауда болатындығын жеткізді.