Отырыста кеңес мүшелері мен құқық қорғау органдары қаладағы нашақорлықтың алдын алу мен жолын кесудің ең өзекті мәселесі бойынша ұсыныстарды талқылады. Халықты «дәріханалық нашақорлық» деп аталатын мәселе және пәтерлер мен жеке үйлерден сатылатын психотропты опиоидты анальгетиктерді шамадан тыс сату ерекше алаңдатуда. Құқық бұзушылықтың бұл түрі үшін тек әкімшілік жаза қарастырылған. Қоғамдық кеңес мүшелері облыстың қоғамдық кеңесімен бірлесіп, «Трамадол» препаратын және басқа да осыған ұқсас дәрілік заттарды медициналық мақсатта пайдаланылатын және қатаң бақылаудағы есірткі және психотроптық заттардың тізіміне енгізу туралы өтінішпен ел Үкіметіне үндеу жазуға бастама білдірді. Сондай-ақ, осы бағыттағы алдын алу жұмыстарын күшейтіп, ведомствоаралық ынтымақтастықты жолға қою, әлеуметтік жарнаманы белсенді тарату, осы жұмыстарға волонтерлер мен қоғамдық бірлестіктерді тартуды ұсынды.
Сондай-ақ күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша жазғы демалыс уақытында бала еңбегін қанауға қатысты жүргізілетін шаралар туралы сөз қозғалды.
Жазғы демалыс кезінде әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан жасөспірімдер туыстарына көмектесу және ақша табу үшін қосымша жұмыс істейді. Орал қаласының жергілікті полиция қызметі бөлімі бастығының айтуынша, бұл салада көптеген заң бұзушылықтар бар. Жұмыс берушілер кәмелетке толмағандарға толық жұмыс күніне ұйымдастырып қана қоймай, балалармен еңбек шарттарын жасамайды. Бұл тұрғыда ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиямен тығыз байланыста жұмыс істейді. Рейдтер,профилактикалық іс-шаралар өткізеді. Сондай-ақ, 1-12 маусым аралығында халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында «Балалар еңбегін қанауға қарсы 12 күн» ұлттық науқаны өтуде.