Бүгін қалалық мәдениет және демалыс саябағында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналып мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Бүгін қалалық мәдениет және демалыс саябағында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналып мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Бүгін қалалық мәдениет және демалыс саябағында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналып мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Оған «Зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығының», «Көшім», «Шапағат» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының, «Бәйтерек» мүгедек балалардың қоғамдық бірлестігінің қызмет алушы балалары қатысты.
Балаларды қала әкімі Миржан Сатқанов мерекемен құттықтап, мемлекет тарапынан оларды қолдау бағытындағы шаралар жүйелі жүргізіле беретінін атап өтті.
—Бұл — балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам ғана емес, олардың құқығын қорғап, қамқор болуға үндейтін мереке. Балалар — біздің болашағымыз. Сондықтан ел ертеңі — өскелең ұрпақты қолдауға қашанда айрықша көңіл бөлінеді. Ең бастысы — балаларымыздың болашағы жарқын, өмірлері алаңсыз болсын, — деді шаһар басшысы. Шараға, сондай-ақ облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альберт Есалиев қатысып, балаларға ізгі тілегін арнады.
Іс-шараға келген барлық балаларға қала әкімінің атынан сый-сияпаттар табыс етілді. Қалалық көркемөнерпаздар концерт ұсынып, бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Концерттік бағдарламадан соң балаларға су көлігімен Шаған өзенінде серуендеу ұйымдастырылды.