Орал қаласында мерекеге орай жаңа нысандар пайдалануға берілді.

Орал қаласында мерекеге орай жаңа нысандар пайдалануға берілді.
Соның бірі - Шолохов скверіндегі ашық аспан астындағы амфитеатр.
Сахна мен үш қатардан тұратын орындықтар қойылған қоғамдық орын «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы салынды.
Іс-шараға Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов арнайы қатысып, жиналғандарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
-Ашық аспан астындағы амфитеар - оралдықтардың мәдени тынығатын, өнерлі жастардың басын қосатын орын. Бүгін пайдалануға беріліп жатқан амфитеатр оралдықтардың сүйікті демалатын орындарының біріне айналады деп сенемін. Мұнда алдағы уақытта байқаулар, конкурстар, басқа да өнер бәйгелері және мерекелік кештер өтетін болады.
Аумағы жарықтандырылған, төсемтастар төселіп, ыңғайлы кіші архитектуралық формалар орнатылған нысан келушілерге жайлы болары сөзсіз, - деді Миржан Мұнайдарұлы.
Жоба авторы Әлішер Ғұмаров тұрғындардан пайдалануға берілген жаңа нысанды бүлдірмей күтіп-ұстауға, қаламызды бірге гүлдендіруге шақырды.
Пайдалануға берілген амфитеатр аумағында автокөлікке және велосипедке арналған тұрақтар бар. Амфитеатр құрылысы жүргізілген кезде сквер аумағындағы бірде-бір ағаш кесілген жоқ.
Жаңа нысанның ашылуында «Айналайын» продюсерлік орталығының шәкірттері тұрғындарға мерекелік концерттік бағдарлама ұсынды.
Айта кетейік, амфитеатрдың құрылысының жобасын қала тұрғындары өздері ұсынып, ашық талқылау және дауыс беру арқылы анықтаған болатын. Биыл да аталған жоба бойынша өтініштер қабылдау жүргізіліп жатыр.