Бүгін Тұңғыш Президент алаңында 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Біз бақытты баламыз еркелеген» атты қалалық фестиваль өтті. 2021-2022 жылғы оқу жылында «Балалар жылына» орай жыл бойы өткізілген шараларда үздік деп танылғандар бүгінгі фестивальде бой көрсетті.

Бүгін Тұңғыш Президент алаңында 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Біз бақытты  баламыз еркелеген»  атты қалалық фестиваль өтті. 2021-2022 жылғы оқу жылында «Балалар жылына» орай жыл бойы өткізілген шараларда үздік деп танылғандар бүгінгі фестивальде бой көрсетті.
Мерекелік фестиваль «Ғажап әлем» ойын алаңқайынан бастау алды. Мұнда мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілері домбырамен ән салып,ұлттық ойындар ойнады. Бүлдіршіндердің өнерін Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов пен Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов тамашалады.
Осыдан кейін «Мен ақылды балақай» алаңында қала мектептерінің желілік қауымдастықтары «Оқуға құштар мектеп», «Экомектеп», «Сурет әлемі», «Лаборатория», «Жайдарманшылар», «Интеллект», «Сөз шеберлері» сынды жобаларын ұсынып, атқарып жатқан жұмыстары жөнінде мәлімет берді.
Ал «Патриот» алаңында «Жас жол сақшылары», «Жас сарбаз», «Жас Ұлан» ұйымдарының оқушылары саптық жиын үлгілерін көрсетсе, «Қайсар.Жігер.Шабыт» алаңында қосымша білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері спорттық ойындар, туристік-өлкетану жұмыстары, суретшілер мен домбырашылар сауығын өткізді.
Мерекеге орай арнайы ұйымдастырылған «Мейірім» алаңында балғындарға демеушілерден сыйлықтар ұсынды. «Сделай Детям Добро» қоғамдық қоры балаларға арналған түрлі ойыншықтар сыйласа, «Қоржын» мейрамханасы, «Fizmat Primary School», «125 High School», «Достық» білім беру орталықтары тәттілер үйлестірді.
Шеру бимен жалғасып, Жас жеткіншектер өз өнерін ортаға салды. «Биле, бізбен бірге!» алаңында қойылған би композициялары көптің көңілінен шықты. «Әрқашан күн сөнбесін» би қойылымымен аяқталған алаңдар жәрмеңкесі мерекелік концертпен жалғасты.
Салтанатты шарада Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов сөз алып, балғындарды төл мерекесімен құттықтады.
– Баршаңызды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Баршамызға мәлім, 2022 жыл Мемлекет басшысының бастамасымен «Балалар жылы» деп аталды. Осы орайда бүгін мереке қарсаңында біздің Орал қаласының білім беру ұйымдарының ұл-қыздары өнерлерін баршамызға паш етті. Бүгінгі шара балаларымызды үлкен мәдениеттілікке, топтық жұмыстарға үйретеді. Ел болашағынан үміт күттіретін балғындарымыз, жастарымыз аман болсын, – деді Бақытжан Хаберұлы.
Мерекелік іс-шара ашық аспан астындағы концерттік бағдарламаға ұласты.