Қазіргі таңда қалада белгіленген орындардан тыс сауда жасау және қызмет көрсету ең өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдар бөлімі мен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімдері жергілікті полиция қызметімен бірлесе отырып, Тұңғыш Президент алаңында рейд жұмыстарын жүргізді. Қала тұрғындары тарапынан бұғын дейін алаңдағы саудагерлерге қатысты бірнеше рет шағым айтылды. Тұрғындар демалып, серуендеуге арналған орынның «нағыз базарға» айналғанын айтқан болатын. Шын мәнінде, сол жердегі сусындар мен түрлі тәттілер сатып, скутер, велосипед, басқа да ойын-сауық қызметтерімен айналысатын саудагерлер заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып отыр. Олар ешқандай салық төлемейді. Балалар мен кәмелетке толмағандардың қызығушылығын тудыратын бұл әрекеттер «Батыс Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидалары» туралы, сондай-ақ «Қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру», «Белгіленбеген орындарда сауда жасау» сияқты әкімшілік кодекстің бірнеше бабының бұзылуына әкеліп соғады.
Саудагерлердің айтуынша, алаңда қызмет көрсету тұрғындардың сұранысынан туып отыр . Олар үшін бұл жалғыз табыс көзі болғандықтан, салық төлеп немесе жалға алып қызмет көрсетуге дайын.
Алайда заң бойынша қала көшелерінде сауда жасауға және қызмет көрсетуге тыйым салынады. Бұл үшін арнайы белгіленген орындар бар. Бірнеше құзырлы мекемелердің бірлескен күшімен алаң әзірге стихиялық саудадан тазартылды. Бірақ, ертең адамдардың қайтадан өз орындарына оралмайтынына кепілдік жоқ.
Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі және жергілікті полиция қызметі ЕСКЕРТЕДІ: Заңсыз саудаға қатысты рейдтер тұрақты негізде жүргізіледі. Тәртіп бұзушыларға айыппұл мөлшері күшейтіліп, жалға берілетін тауарлар мен мүліктер тәркіленетін болады.