Биыл Орал қаласы бойынша 2103 түлек алтын ұя мектептерін қимастықпен аяқтап, үлкен өмірге қанат қақты. Мектеп бітірген түлектердің 80-і «Алтын белгіге», 63-і «Үздік аттестатқа» үміткер.
Қала әкімі Миржан Сатқанов жаңа ғимараты пайдалануға берілген №33 жалпы орта білім беретін мектебіне барып, оқушыларды соңғы қоңырау салтанатымен құттықтап, биылғы мектеп бітіруші түлектерге ақ жол тіледі.
–Әр мектепте соңғы қоңырау мерекесі – бұл мектеп тарихына енетін көңілді әрі қуанышты оқиға.Түлектер өздерінің он бір жыл білім алған алтын ұяларымен қоштасса, ұстаздар өздерінің сүйікті шәкірттерін өмірге қанаттандырады. Оқушыларды білім нәрімен сусындатып, оқу үрдісін нәтижелі ұйымдастыра білген ұстаздарға, балаларға тіреу болып, қолдау білдірген ата-аналарға зор алғысымды білдіремін.Мемлекет қолдауының нәтижесінде сіздердің сапалы білім алып, шығармашылық қасиеттеріңізді дамыту үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Шаһарамызда жыл сайын жаңа мектептер мен қосымша білім беру орталықтары ашылуда. Ең бастысы, егемен еліміздің ертеңі — сіздер алаңсыз білім алып, арман-мұраттарыңызға жетіңіздер. Талмай талаптанып, білім шыңының биігінен көрініңіздер.Баршаңызды оқу жылының аяқталуымен құттықтаймын.Демалыстарыңыз сәтті өтсін, жаңа оқу жылына мол күш-жігермен оралыңыздар, – деді шаһар басшысы.
№33 жалпы орта білім беретін мектебінде биыл 16 оқушы он бірінші сыныпты тәмамдап отыр. Олардың төртеуі «Алтын белгіге» үміткер болса, мектеп қабырғасында түрлі жетістікке жеткен 12 түлек осы оқу жылында «Елбасы» медаліне ие болған.
Сондай-ақ салтанатты шарада аталмыш мектепті осыдан 20 жыл бұрын бітірген мектеп түлектері келіп, алтын ұя мектептеріне 1 миллион теңге сертификат табыс етті.
Соңғы қоңырау салтанатында түлектер әдеттегідей мектеп вальсін билеп, ән шырқады. Олар үшін бүгін қоңырау соңғы рет соғылды.