Қала әкімі Миржан Сатқанов республикалық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен оларды білім додасына дайындаған ұстаздарын қабылдады

Қала әкімі Миржан Сатқанов республикалық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен оларды білім додасына дайындаған ұстаздарын қабылдады
Бүгін қала әкімі Миржан Сатқанов республикалық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен оларды білім додасына дайындаған ұстаздарын қабылдады.
Осы оқу жылында республикалық пәндік олимпиаданың облыстық кезеңіне Орал қаласынан 77 оқушы қатысып, 53-і жүлдегер атанған. Нәтижесінде Орал қаласының командасы командалық есепте І орын иеленді. Қала мектептерінің оқушыларынан құралған команда пәндік олимпиадаларда облыс бойынша үшінші жыл қатарынан алдыңғы орыннан көрініп келе жатыр.
Пәндік олимпиаданың республикалық кезеңіне Орал қаласынан 27 оқушы жолдама алған болатын. Олардың 12-сі үздік нәтиже көрсетіп,1 алтын, 4 күміс,7 қола медаль иеленді.
Осыған байланысты қала әкімі Миржан Сатқанов білім көшін алға жетілдірудегі жетістіктері үшін оқушылар мен ұстаздарына алғыс білдіріп, салтанатты қабылдау барысында оларды арнайы марапаттады.
– Оқушыларымыздың республикалық пәндік олимпиадада жеткен жетістігі бәрімізді қуантады. Осы деңгейге жету үшін сіздер тынбай ізденіп, табандылық таныттыңыздар. Бұл жетістік – сіздердің адал еңбегіңіздің нәтижесі. Осы жолда сіздерге бағыт-бағдар берген ұстаздарыңызбен, әркез қолдау танытып бар жағдайды жасаған ата-аналарыңызға алғыс айтамыз. Қала мектептеріндегі білім беру үрдісі дұрыс жолға қойылған. Осы бағытта жұмысымызды жалғастырып, балаларымыздың биік белестерден көріне беретініне сенемін, – деді қала әкімі.
Оқушылар қабылдау барысында алдағы жоспарларымен бөліссе, олардың ұстаздары арнайы қабылдағаны үшін шаһар басшысына ризашылықтарын білдірді.