Бүгін – мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Бұл кәсіби мереке елімізде 2013 жылдан бері аталып келеді. Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов айтулы күні сала мамандарын Жастар мәдениет сарайында құттықтады.
– Бұл кәсіби мейрам – еліміздің рухани байлығын молайтып, ұлттық өнеріміз бен мәдени мұрамызды насихаттауда аянбай еңбек етіп жүрген мәдениет және өнер қызметкерлерінің биік мәртебесінің айғағы. Шырайлы Орал шаһарын шуаққа бөлеп, саф өнердің құдіретіне табындырған мәдениет майталмандары мен өнер тарландарының жарқын шоғыры, жаңа тұрпаттағы толқыны қалыптасып келеді. Өзіндік дәстүрі мен дара қолтаңбасымен, киелі сахнадағы мәнерімен ойып орын алған қаламыздағы мәдениет ошақтары мен өнер ордаларының биік белестері мен жетістіктерінің кілті – ұлттың саф алтындай өнеріне деген адалдық, шығармашылық пен кәсіби біліктілік екені даусыз. Сіздердің шығармашылықтарыңызға шалқар шабыт жұмыстарыңызға заңғар табыс, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Мәдениетіміз — мәңгілік, өнеріміз — өрісті болсын! – деді шаһар басшысы.
Салтанатты шарада қала әкімі мәдениет пен өнер саласында жемісті еңбек етіп жүрген Айсұлу Амирова, Ляззат Касимова, Назира Хибашева сынды сала мамандарына Батыс Қазақстан облысының үздік мәдениет қызметкері төсбелгісін тапсырды. Сонымен қатар шаһардың өркендеуі жолында еңбек етіп жүрген сала үздіктеріне облыс және қала әкімінің алғыс хаттарын табыстады.
Салтанатты шара «Өнер – өмір өрнегі» мерекелік концертіне ұласты.