Бүгін қала әкінің орынбасары Мирболат Нұржановтың төрағалығымен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру және суға шомылу маусымындағы жағажайлардың жұмыстары жөнінде кеңес өтті.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова баяндама жасады.
–Жазғы маусымда білім беру бөліміне қарасты «Атамекен» қалалық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығында 3 айда 1500 оқушы демалады деп жоспарлануда. Оның ішінде әлеуметтік жағынан аз қорғалған, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 400 бала және 230 дарынды оқушы (50% ата-аналарының қаражаты есебінен) демалады. Биыл шаһардың 46 мектебінде тамақтануы ұйымдастырылған лагерьлерде 6700 бала, 50 мектептегі және 2 қосымша білім беру ұйымында (Мектептен тыс жұмыс орталығы, Оқушылар сарайы) тамақтану ұйымдастырылмаған лагерьде 34655 бала демалысын өткізеді. Сондай-ақ қала мектептері жанындағы лагерьлерде бағдарлы алаңдар бар. Атап айтсақ, барлық мектептерде үш тілді оқыту алаңдары, интеллектуалдық, дебаттық мектептер, «Жас ұлан», «Жас қыран» көшбасшылар мектебі, спорттық-туризм алаңдары жоспарлы жұмыс жасайды, – деді Ақжарқын Мүтиғоллақызы.
Сонымен қатар бөлім басшының айтуынша, «Мирас», «Рахат» шатырлы лагерьлері 50 мектептен 1700 баланы қамтымақ. Бұл шатырлы лагерьлер туристтік-өлкетану бағытындағы жұмыстар жүргізіледі, сонымен қатар оқушылар болашақта өтетін ғылыми жоба жарыстарына дайындалады. 1-17 маусым аралығында қаланың барлық мектептерінде «Жазғы мектептер» жұмыс жасайды. «Қайсар» патриоттық лагеріне мектепішілік, жергілікті полицияның бақылауында тұрған және болашақта өзін құқық қорғау саласында көрігісі келетін 230 ер бала қатысады. Сондай-ақ №32, 37, 46, 48, 50, эстетикалық бағыттағы гимназия және Серебряков мектептерінің аулаларындағы үлескеде «Мектеп. Алма бақ. Оқушы» жобасы аясында жеміс ағаштарын отырғызу және өсіру жобасы жүзеге асырылуда.
Осыдан кейін суға шомылу маусымы жайында Орал қаласы төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Амангелді Ешмұханов мәлімдеді.
Амангелді Махметұлының мәліметінше, соңғы 5 жылда Орал қаласы аумағында 35 адам суға кетсе, оның – 13-і балалар. Суға түсудегі қайғылы оқиғалардың басты себептері: ашық өзендер мен көлдерге, арықтарда, суға түсуге рұқсат берілмеген жерлерде өз бетінше шомылу, балалардың ата - анасының қарауынсыз қалуы, мас күйінде суға түсуден болып отыр.
– Биыл барлығы 11 жағажай ашылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ Деркөл және Круглоозерный кенттерінен қосымша жағажайлар ашу жөнінде ұсыныстар келуде. Жаз мезгілінде су айдындарында орналасқан барлық балалар лагерьлері күшейтілген бақылауға алынады. Сондай -ақ, жазғы сауықтыру лагерлерінде балалардың қауіпсіздігіне жауапты адамдарға қауіпсіз демалысты қамтамасыз ету бойынша семинарлар өткізіледі. Өтінім негізінде жағажайларды тексеру жұмыстары жүргізіледі, – деді.
Жиынды қорытындылаған қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов жазғы маусымдағы лагерьлерде қауіпсіздік шаралары мен балалар денсаулығын сақтау басты мақсат екенін жеткізді.
-Санитарлық қызмет тарапынан жазғы сауықтыру маусымына дайындық кезеңі, яғни балалардың құнарлы тамақтануы, лагерь қызметкерлерінің гигиеналық дайындықтары мен алдын ала медициналық тексерулерден өтуі де бақылауда ұсталуы тиіс. Сондай-ақ жергілікті суқоймалары мен лагерьлер аумағы, суқоймаларға жақын орналасқан рекреациялы орындарды залалсыздандыру жұмыстарын бақылауда ұстаған жөн, – деді жиын төрағасы.
Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары жағажайлар жөнінде жауапты басшылар мен тиісті бөлімдерге бірқатар тапсырмалар жүктеді.