Бүгін Отан қорғаушылар мерекесі және Ұлы Жеңіс күніне орай Шаған өзенінің оң жағалауында көпшілік жүгіру өтті.
Көпшілік жүгіруге әскери және мемлекеттік қызметкерлер, спорт ұйымдарының қызметкерлері, жастар және басқа да қала тұрғындары қатысты. Нөмірді алу үшін қатысушылар Uralsk Runners клубына тіркеліп, 1 000 теңге төледі. Барлық жиналған қаражат Ішкі істер қызметкерлерінің және орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің туыстарына жіберілді.
Жалпы көпшілік жүгіруге 250-дей адам қатысты. Мәре сызығын бірінші болып кескен Нұрмұқасан Қасымбек осындай шаралардың дені сау ұлтты қалыптастыруда мәні зор екенін айтады.
—Өзім әскери қызметкермін. Жеңіл атлетикамен тұрақты түрде айналысамын. Көпшілік жарыс болатынын естіп, қатысуды жөн көрдім. Мұнда жиналған қаражат қайырымдылыққа жұмсалатыны көңіл қуантады. Қала тұрғындарын осындай спорттық шараларға жиі қатысуға шақырамын, — дейді Н.Қасымбек.
Көпшілік жүгіру соңында Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттап, медаль мен сыйлықтарды табыс етті.