7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне орай «Оқушылар сарайы» саябағына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев пен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері ағаш отырғызды. Жаңа аллеяға «Жас сарбаз» атауы берілді.
ҚР Қарулы Күштерінің 30 жылдығына орай аллеяға 30 түп тал-терек отырғызған «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері оны алдағы уақытта күтіп баптайтындықтарын жеткізді. Өңір басшысы оларды мерекемен құттықтап, әскери-патриоттық қозғалысының болашағы зор екендігін, бұл жастарды тәрбиелеуде маңызды қадам екендігін атап өтті.
Әскери-патриоттық қозғалыс жайлы “Жас сарбаз” сыныбының тәрбиеленушісі Әбдікәрім Ғазизолла:
- “Жас сарбаз” сыныбы жастарды әскери-патриоттық тәрбиеден бөлек, жылдамдыққа, бауырмал болуға, тапқырлыққа жетелейді,- деген пікірде.
Айта кетейік,Орал қаласы бойынша 2019-2020 оқу жылында үш «Жас сарбаз» сыныбы құрылған. Қазіргі таңда әскери-патриоттық қозғалыс қатарында 75 жас сарбаз бар.