ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді. Үкімет басшысы өңірдегі бірқатар кәсіпорынды, әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралады.
Жұмыс сапары барысында Премьер-Министр үш ауысыммен оқытуды жою шаралары аясында іске қосылған 300 оқушыға арналған №18 мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінде болды.
Премьер-Министр «Білімді ұлт» ұлттық жобасында білім берудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар көзделгенін атап өтті.
2021 жылы 534 балабақша ашылды. 2022 жылы 138 мектептің құрылысына бюджеттен 104 млрд теңге бөлінді, оның ішінде БҚО-да алты мектепке 1,9 млрд теңге бөлінді. Одан бөлек, 2022 жылы республикада 1 000 мектеп, оның ішінде БҚО-да 63 мектеп жаңғыртылады. «Сонымен қатар облыс балабақшаларында 11 мыңнан астам адам кезекте тұр, алты апатты және үш ауысыммен оқытатын үш мектеп бар. Қосымша білім бойынша мемлекеттік тапсырысқа қаражат бөлінген жоқ. Әкімдік бұл проблемаларды жедел шешуі керек. Жеке меншік балабақшалар көбірек ашылуы керек. Мемлекеттік тапсырыс бойынша қосымша білімге жергілікті бюджеттен қаражат бөлуді қамтамасыз ету қажет», – деді Үкімет басшысы.
Одан кейін Әлихан Смайылов «Орал жылыжай кешені» ЖШС қызметімен танысты, оның жобалық қуаты жылына 3 мың тонна қияр мен қызанақты құрайды. Кәсіпорын «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ желісі бойынша 5 млрд теңге мемлекеттік қолдаудың арқасында іске қосылды, нәтижесінде өңірде жылыжай өнімдерін өндіру екі есеге артты.
«Көкөністермен қамтамасыз ету мәселесінде жылыжай кешендері маңызды рөл атқарады, сондықтан біз олардың санын арттыруға мүдделіміз. Бұл үшін жылыжай салуға және оны күтіп-ұстауға кететін шығындарды субсидиялауға айтарлықтай қаражат бөлінеді. Бұл жерде еліміздің батысындағы ірі кәсіпорындардың бірі Орал жылыжай комбинаты жұмысы маңызды екенін өткім келеді. Тек өз аймағымыздың ғана емес, сонымен қатар көрші аймақтардың нарығына шығу үшін де күш салу қажет. Бұл бағыттағы әлеует зор», – деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Одан кейін Премьер-Министр «Квант» ЖШС жиһаз фабрикасына барды, оның өнімдері Қазақстан ішінде де, сыртқы нарықта да, атап айтқанда, Армения мен Қырғызстанда сұранысқа ие.
Мемлекеттік қолдау аясында кәсіпорын инновациялық жабдықты сатып алу үшін жылдық 6%-бен жеңілдетілген несие алды. Бұл фабрикаға нарықтағы өз позициясын бекітуге және өндірісті ұлғайтуға мүмкіндік берді.
«Ішкі нарықтың қажеттілігі жыл сайын өсіп келеді, саланы дамыту үшін әлеует зор. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында кәсіпкерлер жеңілдікті қаржыландыруға қол жеткізе алады, сондықтан отандық жиһаз өндірушілері бұл мүмкіндікті белсенді пайдалануы керек», – деді ҚР Премьер-Министрі.
ҚР Премьер-Министрінің Баспасөз қызметі