Бүгін жетінші шақырылымдағы Орал қалалық мәслихатының кезектен тыс он үшінші сессиясы өтті.
Сессия отырысына қала әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй, Орал қалалық мәслихатының хатшысы Есентай Қалиев, қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, мәслихат депутаттары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессияның күн тәртібінде жеті мәселе қаралып, аталмыш мәселелер бойынша тиісті сала басшылары баяндама жасады.
Алғаш болып Орал қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Альмира Төлегенова 2022-2024 жылдарға арналған қалалық бюджет шешіміне өзгерістер енгізу мәселелері бойынша баяндады.
Альмира Мұхитқызы 2022 жылға Орал қаласының бюджетін ұлғаюту үшін жалпы соммасы 3 745,1 млн.теңге ұсынылғанын айтып өтті. Ол республикалық бюджеттен мұқтаж мүгедектерді арнайы құралдармен қамтамасыз етуге қосымша – 13,6 миллион қарастырылғанын, облыстық бюжеттен – үш қабатты тұрғын үйдің құрылысын жалғастыруға 591,4 миллион теңге бөлінгенін, «Батыр қыздар» алаңын және оған іргелес «Жастар» аллеясын күтіп-ұстауға 80,4 миллион теңге қаражат көзделгенін жеткізді. Ал әлеуметтік салаға, құрылыс нысандары бойынша жұмыстарды жалғастыру және жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге, су және көше жарығымен қамтамасыз ету, абаттандыру, жолаушылар тасымалы, кенттер мен селолық округтерге берілетін трансферттерге қаражат қалалық бюджеттен бөлінетінін нақтылады. Сондай-ақ ол баяндамасында қалаға қарасты кенттер мен селолық округтің бюджетін нақтылауды да ұсынды.
Сондай-ақ Орал қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның ішінде мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына атаулы және мереке күндеріне материалдық көмекті белгілеу бойынша Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Алтынғаным Байгутова мәлімдеме жасады.
Сессияда сөз алған қала әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй күн тәртібіндегі мәселелер бойынша және қаланың дамуына елеулі үлес қосатын маңызды шешімдер қабылдануына қолдау жасағандары үшін депутаттарға алғыс білдірді.
Күн тәртібіндегі қаралған мәселелердің шешім жобалары алдын ала қала мәслихатындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында қаралып, сессияда бір ауыздан қабылданды.