«Медициналық-әлеуметтік есепке алу» тақырыбында семинар өтті

«Медициналық-әлеуметтік есепке алу» тақырыбында семинар өтті

Облыстық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясы Орал қаласы әкімдігінде «Медициналық-әлеуметтік есепке алу» тақырыбында облыс аудандары мен қалада атқарылатын іс-шаралар жоспарын жасақтау бойынша семинар өткізді.
Семинарға БҚО полиция департаменті ЖПҚБ бастығының орынбасары, облыстық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның мүшесі Е.Сұлтанғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары, қалалық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы М.Нұржанов, аудандық полиция бөлімдері мен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың өкілдері, қалалық полиция басқармасы, білім беру, әлеуметтік дамыту саласының мамандары қатысты.
Аталмыш жұмыстарды ұйымдастыру мәселесі бойынша семинарда кәмелетке толмағандарды медициналық-әлеуметтік есепке алу бағытындағы профилактикалық шаралар, кәмелетке толмаған балалар мен жасөспірімдердің мәдениет және өнер мекемелеріне қолжетімділігі тақырыптары қаралды.
Орал қаласының полиция басқарамасының ЖПҚБ ювеналды полиция бөлімінің бастығы Мадина Құспанова осы жағдайға қатысты бүгінгі таңда республикалық деңгейдегі ереженің болмауы, есепке алынатын тұлғалардың категорияларының белгіленбеуі қызмет барысында туындап отырған проблема екенін атап өтті. Ол өз сөзінде мүдделі органдармен бірлескен жұмыс нәтижелеріне сай есепте тұрған тұлғалардың мекенжайлары, оқу орындары бойынша тексеріліп, егер жағдайлары жақсарып, түзелу жолына бет бұрғандары анықталған кезде есептен шығару мақсатында құжаттар жинақталатынын, ал осы жұмыстардан сабақ алмай, қоғамға қарсы өмір салтын жалғастырып отырғандар үшін есеп мерзімі ұзартылып, қатаң профилактикалық шаралар қолданылатынын айтты.
Сонымен қатар Орал қаласының мәдени-ағарту бірлестігінің директоры Серік Тоқмамбетов, «Жас Ұрпақ» жасөспірімдердің әлеуметтік дамыту орталығының меңгеушісі Ерген Нұрлан осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алда жүзеге асырылуы тиіс жобалармен бөлісті.