Орал қаласында 9 сәуірден бастап жалпықалалық сенбіліктер басталады. Осыған орай бүгін жоғары және арнаулы оқу орындарындағы жастар ұйымдарының жетекшілері мен белсенді жастар Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржановпен кездесіп, жалпықалалық сенбілікке қатысуға ниетті екендіктерін білдірді.
Жиынды бастаған қала әкімінің орынбасары тазалық айлығына қаламыздың әр тұрғыны жауапты екенін, тұрғындарды, оның ішінде жастарды өзіміз тұратын ортаға, табиғатқа, қала тазалығына жанашырлықпен қарауға баулу қажеттігін жеткізді.
Ал жиынға қатысушы жастар ұйымдарының жетекшілерін Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиев алғашқы жаппай сенбілікте қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды санитарлық тазалауға бекітілген орындармен таныстырды. Сондай-ақ сенбілікке қатысушылардың көлікпен, тазалық жұмыстарына керек құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілетінін айтты.