Бүгін Орал қаласы әкімдігінің құрылымдық бөлімдері мен кент әкімдіктері арасында «Ұлыс күні – әз-Наурыз» атты фестиваль өтті.
Дәстүрлі фестиваль биылда жалғасын тапты. Фестивалде құрылымдық бөлімдер мен кенттік округтер «Ұлттық өнер», «Наурыз сәні», «Берекелі дастархан», «Сұрақ-жауап», «Наурыз дода» спорттық сайыстары бойынша сынға түсті.
Мерекелік іс-шараны Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков бастап, жиналғандарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
-Баршаңызды ғасырлар қойнауынан бастау алған, жылуы мен шуағын шашқан, берекелі жерімізді нұрландырған Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Наурыз мейрамы бақ-берекенің, өзара құрмет пен түсіністіктің дәнекері болып, әр шаңыраққа бақыт, қуаныш және ізгілік нұрын себе берсін! – деді шаһар басшысы.
Қазақ халқының дәстүрлі төл өнерін насихаттап, ұлттық спорт түрлерінен бақ сынаған қатысушылар аталымдар бойынша марапатталды. «Наурыз дода» спорттық сайысында Круглоозерный кенті үздік деп танылса, «Берекелі дастархан» аталымына экономикалық және бюджеттік жоспарлау бөлімі ие болды. Ал ұлттық киімдерімен ерекше көзге түскен Зашаған кенті әкімдігі «Наурыз сәні» номинациясына ие болса, жыр арнап, биден шашу шашқан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Ұлттық өнер» сайысында үздік деп танылды. «Сұрақ–жауап» бөлімінде ішкі саясат бөлімі топ жарды. Фестивальге қатысқан өзге де бөлімдер алғыс хат және сыйлықтармен марапатталды.