Президент жолдауын жүзеге асыру бойынша актив отырысы өтті
Бүгін «AMANAT» партиясының Орал қалалық филиалының Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғырту жолы» атты Қазақстан халқына кезекті жолдауының негізгі қағидаларын жүзеге асыру жөнінде активінің отырысы өтті.
Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтың төрағалығымен өткен жиынға қалалық мәслихат депутаттары,партия ардагерлері мен сарапшылары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіне Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асырудағы «AMANAT» партиясының аудандық филиалының міндеттерін жүзеге асыру жайы ұсынылды.
Жиында қалалық мәслихат хатшысы Есентай Қалиев жолдауда мәслихат жұмысын жандандыруға аса мән берілгенін айтып, депутаттардың партиялық қызметтегі жауапкершілігі мен оны арттыру, депутаттардың тұрғындармен кездесулер ұйымдастыру туралы мәселені қозғады. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы өңірлік кәсіпкерлер палатасы іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, БҚО бойынша Inbusiness.kz ақпараттық порталының меншікті тілшісі Оксана Дементиевская онлайн-петиция жұмысын жандандыру, қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы БҚОФ атқарушы хатшысының орынбасары Кенесары Нұршинов партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту, мәслихат депутаты Азима Ғұбашева саяси оқуларды жүзеге асыруға қатысты пікірлерін білдірді.
Жиын соңында Абат Абайұлы Мемлекет басшысы атап өткен реформаларды жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдарға, өкілді органдарға, жалпы қоғамға үлкен жауапкершілік жүктелетінін жеткізді.