Бүгін Орал қаласында 8 наурыз — халықаралық әйелдер күніне орай «Әдемілік әлемі» атты концерт өтті. Мерекелік шараға қаланың ардақты арулары, ақжаулықты әжелер, әр салада жемісті еңбек етіп жүрген нәзік жандылар қатысты.
Концертте қала әкімі Абат Шыныбеков аруларды төл мерекелерімен құттықтады.
—Халқымыз «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деп текке айтқан емес. Әйелдер қауымы отбасының ырысы, ұйытқысы болып қана қоймай, еліміздің қарқынды дамуына да сүбелі үлестерін қосуда. Қай кезде де әрбір халық үшін әйел жанының жылулығы мен сұлулығы, мейірімділігі мен кеңдігі әлемге рух беріп келеді. Осындай шуақты мерекелеріңізде сіздерге бақыт пен махаббат, еңбектеріңізге табыс, шалқар шабыт пен мол қуаныш, зор денсаулық пен отбасылық бақ-береке тілеймін!», — деді шаһар басшысы.
Мейірімділік пен сұлулықтың, даналықтың және рухани қуаттылықтың салтанат құрған күні аяулы аналар мен қыз-келіншектер ерекше құрметке бөленді. Қалалық көркемөнерпаздардың мерекелік концерті нәзік жанды әйел қауымын үлкен қуанышқа бөледі. Айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің барлығы бұл күні асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастар тақырыбында болды.
Мерекелік кеште залда отырған нәзік жандыларға гүл шоқтары тарту етілді.