Бүгін Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында нәзік жандыларды қабылдады

Бүгін Орал қаласының  әкімі Абат Шыныбеков 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында нәзік жандыларды қабылдады
Бүгін Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында нәзік жандыларды қабылдады.
Мерекелік басқосуға зейнеткер-аналар, денсаулық сақтау, білім, қорғаныс істері, төтенше жағдайлар, сот жүйесі, спорт, құқық қорғау, мәдениет салаларындағы нәзік жандылар мен көпбалалы аналар қатысты. Олар отбасы құндылықтары, қоғамдағы әйел адамның рөлі, мамандық сырлары жөнінде ой бөлісті.
–Баршаңызды шұғылалы көктемнің айрықша мерекесі – халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгін ортамызға тәлім мен тәрбиені ұштастарып, отбасы мен еңбек жолының арасын жалғап, халқына өнегелі істерімен үлгі боп жүрген нәзік жандылар жиналып отыр. Сіздерге әрқашан айтылар жылы лебіздер таусылмайды. Шаңырақтарыңыздың берекесі, өмірдің гүлі, күннің шуағы болып, жадырап-жайнап жүре берулеріңізге тілекшімін, – деді шаһар басшысы.
Мерекелік басқосуда зейнеткер, қалалық аналар кеңесінің төрайымы Балғаным Кәкімова сөз алып, ризашылыңын білдірді.
-Бүгінгі кездесуге шақырғандарыңызға зор алғысымды білдіремін. Қаламыздағы сан салада еңбек еткен жандардың басын қосып, ортақ таныстық қалыптастырып, құрметке бөлеп жатырсыздар. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деді.
Басқосуға жиналғандар ішінде Орал қаласындағы жалғыз электрдәнекерлеуші нәзік жанды Елена Нұрғалиева, «Зенит» зауытының 4-ші дәрежелі оқтаулаушысы Гүлнара Нұржанова, дүниеге келген жас нәрестелерді сапалы суретке түсірумен айналысатын фотограф Динара Аянова сынды мамандық иелері де болып, өз салаларының сырларымен бөлісті.