Бүгін Орал қаласы әкімдігінде «AMANАТ» партиясы қалалық филиалының партиялық активының отырысы өтті.
Активке қоғамдық саяси кеңесінің мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдары және жастар қатысты.
Күн тәртібінде партияның кезектен тыс ХХІІ съезінің шешімдерін орындаудағы қалалық филиалының міндеттері жайында сөз қозғалды.
Орал қаласының әкімі, «Amanat» партиясының қалалық филиалының төрағасы Абат Шыныбеков алдағы уақытта шешімдерді жүзеге асыру үшін партияны жаңғыртудағы басымдықтарға аса мән беру қажеттігін атап өтті.
– Осыдан тура 23 жыл бұрын 1 наурызда партияның алғашқы құрылтай съезі өтті. Сондықтан дәл осы күні өткен съездің шешімдерін тарихи және межелік деп атауға болады. Съезде Партия Төрағасының тапсырмасы бойынша партияны жаңғырту бағдарламасы дайындалды.Жаңғырту аясында Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» фракциясының жетекшісі Ерлан Қошанов партияға «AMANAT» жаңа атауын ұсынды. Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл бастаманы қолдап, съезд делегаттары да толық қолдау білдірді. Осыған байланысты партия жарғысын өзгерту туралы шешім қабылданып, жаңғырту бағдарламасын, партияның жаңа атауы мен логотипін бекітті. Осының бәрі жоғары сенімнің көрінісі мен жаңа Қазақстанды құрудағы партияның ерекше рөлін көрсетеді. Сондықтан біз партияны жаңғыртудағы басымдықтарға аса мән беріп, алда тұрған міндеттерімізді айқындауымыз қажет, – деді.
Осыдан кейін қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Мұхамбетжанов партияның өткен жыл бойынша атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады.
Бүгінгі таңда «Аmanat» партиясы жанында 37 бастауыш партия ұйымы бар. Алдағы уақытта оларды біріктіру арқылы нығайтуды жоспарланған. Бастауыш партия ұйымдарының қатарына жастарды, белсенді азаматтарды қатыстыру мәселесін қарастыруымыз қажет, – деді Бауыржан Қамарұлы баяндамасында.
Отырыста Орал қалалық мәслихат депутаты, Орал қалалық филиалы жанындағы жұмыспен қамту және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес төрайымы, «ҚазИТЖУ» ғылыми-білім беру кешені құрылтайшысының орынбасары, Аида Маратова, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті Мәдениет және өнер факультетінің тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары, магистр Әбілқайыр Еслямғалиев, «БатысЭнергоРесурс» БПҰ төрағасы, «Батыс Энерго Ресурсы» ЖШС менеджері Светлана Мукиевалар патриоттық тәрбие, жастар жұмыссыздығы, ардагерлерді ардақтау, менеджменттік маңызды ұйымдар құру, бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Жиын соңында шаһар басшысы бастауыш партия ұйымдарының сапасына көңіл бөлу, азаматтардың өтініштері мен шағымдарын бақылауды жүйелендіру, барлық диалог алаңдарының, соның ішінде әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін барынша пайдалану, қаламыздағы әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысына қоғамдық бақылауды күшейту, «Жас Отан» жастар қанатының жұмысын жандандыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.