Жиын басында Мирболат Сағынғалиұлы Ресей Федерациясының Қорғаныс істері министрлігінің ІІІ дәрежелі «Әскери ерлігі үшін» медалімен Әлібек Ізбасқановты, «Ауған соғысының ардагері» белгісімен Нұрлан Өтегеновті марапаттап, жуырда өткен мерекелерімен құттықтады.
Отырыста алғашқы боп Орал қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының бастығы Руслан Дәутеміров өткен жыл бойынша мерзімді әскери қызметке шақыруды жүзеге асыру бойынша атқарылған жұмыстың есебін баяндады.
2021 жылғы көктемгі және күзгі шақырылымда Қазақстан қарулы күштер қатарын 18 бен 27 жас аралығындағы 225 азаматты әскерге шақыру жоспарланған. Алайда 196 сарбаз әскер қатарына шақырылып, көрсеткіш 87,1 пайызды құраған. Қазіргі таңда 111 әскерге шақырылушы іздеуде жүрсе, 593 азамат әлі күнге дейін әскери есептен алынбаған.
Руслан Махмұтұлы баяндамасында қазіргі таңдағы негізгі мәселелерді атап көрсетті.
– Әскерге шақыру бірнеше кезеңді қамтиды. Бір сөзбен айтсақ, кешенді іс-шара негізінде жүзеге асады. Қазіргі таңда толық қажеттілікті өтей алмай отырмыз. Осы орайда біраз қиындық бар. Біріншіден, әскерге шақырылушылардың тұрақты мекенжайының болмауы. Сонымен қатар, өзге қалаларға қоныс аударуына қатысты жиі мәселелер болады. Егер азаматтар қоныс аударған жағдайда тұрғылықты мекенжайы бойынша қайтадан әскери есепке тұруы міндетті. Екіншіден, әскери шақыру қағазын ескерусіз қалдыратындар саны көбейді. Мұндай жағдайда әскери қызметке шақырудан бас тартқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ұмытпаған жөн, – деді.
Осы тұста Мирболат Сағынғалиұлы ата-аналармен түсінік жұмыстарын жиі жүргізу қажет екенін жеткізді.
– Өткен жылы қаламыздан 196 сарбаз әскерге аттанған. Бұл нәтиже әлі де қанағаттанарлықсыз. Қазіргі кезде әскерге барушылар қатарының сиреп кетуінің бірнеше себебі бар. Көп жағдайда ата-аналар балаларының әскерге баруына қарсылық танытып жатады. Осы бағытта бірінші кезекте ата-аналармен түсінік жұмыстарын жүргізген абзал. Әскерге барудың артықшылығы көп. Адамды физикалық, моральдық, психологиялық жағынан көп нәрсеге дайындайды. Осыны ата-анаға да, жас сарбазға да түсіндіре білуіміз керек. Бұл үшін біз аға буын өкілдерімен бірлесе отырып, үгіт-насихат жұмысын жүргізетін ерікті топ құру қажет. Сонымен қатар, жоғарыдай айтып өткендей бізде тіркеу мекенжайы бойынша мәселелер айтылды. Осы бағытта шақыру қағазын мекенжай бойынша апарған кезде шақырылушының дәл осы уақытта қайда тұратынын нақтылауды жүйеге салу қажет, – деді қала әкімінің орынбасары.
Жиын барысында Ауған-тәжік, Таулы Қарабақ қақтығыстарының ардагерлері елді қорғау әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті екеніне бей-жай қарап, әскерге барамын деген жастардың азайып кеткенін алға тартты. Сондықтан олар патриоттық тәрбиені мектеп жасынан бастап санаға сіңіру қажеттігін айтып, ойларын ортаға салды.