
22 ақпан күні Жастар мәдениет үйінде Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Мәдени-ағарту бірлестігінің құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Құндылыққа толы өнер ордасына 30 жыл» жобасы және балалар жылы аясында, «Бәйтерек» комьюнити орталығының ұйымдастыруымен өңіріміздің мақтанышы, Халықаралық, Республикалық байқаулардың жеңімпазы Алинур Хамзиннің «Арманым алға жетеле!» атты ән кеші өтті. Жас өнерпаздың ән кешін Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясының әншісі Айбек Тұрарбеков, Жастар мәдениет үйінің әншісі Асел Кажимова әнмен әрлесе, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның «Step Up» эстрадалық би ансамблі, «ZamanaBi» би тобы , «Бәйтерек» комьюнити орталығының «Шабыт» би ансамблдері бимен көркемдеді.
Концерт соңында Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Ерболатұлы сөз сөйлеп, жас өнерпазға тілегін білдірді. Сонымен қатар, кештің өтуіне қолдау көрсетіп, демеушілік білдірген «Таза аудан» жеке шаруашылық серіктестігі мен 5517 әскери бөлімі қызметкерлеріне алғыс хаттар табыстады. Кештен түскен қаражат қайырымдылыққа жұмсалып, көп балалы анаға табысталды.