Жалпы білім беретін пәндерден республикалық олимпиаданың қалалық кезеңі аяқталды. Бүгін Салтанат сарайында өткен жиында Орал қаласы әкімі Абат Шыныбеков жеңімпаз атанған оқушыларды құттықтады.
– Орал қаласы оқушыларының үздіктерінің үздігі анықталды. Республикалық пәндік олимпиаданың қалалық кезеңінде жүйрік шыққандар алдымызда отыр. Орал қаласы облыс орталығы ретінде өңірдің балаларына үлгі болатындай білімнің ордасы екенін дәлелдеп келеді. Сіздерді білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаздарыңыздың еңбегі зор. Әр шәкріті мектеп табалдырығна аттағаннан бастап білім ұясынан түлеп ұшқанға дейін жан-тәнімен беріліп, жаңа технологияларды пайдалана отырып, әлемдік деңгейдегі білімнің фундаментін қалыптастыруға үлес қосып келеді. Мемлекет тарапынан да жан-жақты қолдау көрсетілуде. Мектептердің заманауи технологиямен жабдықталуы оқушылардың осындай білім сайыстарына, шығармашылық конференцияларға, үлкен семинарларға жоғары деңгейде қатысуына сеп болды, – деді Абат Абайұлы.
Республикалық олимпиаданың қалалық кезеңі 14-22 ақпан аралығында 12 пән бойынша өтті. Олимпиадаға қала мектептерінен 1221 оқушы қатысты. Нәтижесінде 206 оқушы жүлдегер атанып, 168 оқушы алғыс хатқа ие болды. Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңіне жақсы нәтиже көрсеткен 68 оқушы жолдама алды.
Іс-шарада бірінші орын иеленген оқушылар марапатталып, smart колонка сертификаты берілді. Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жоғары деңгейде дайындаған №35 мектеп-лицейінің педагогикалық ұжымына, олимпиаданың қалалық кезеңін ұйымдастыруға қолдау көрсеткен №4 жалпы орта және қосымша білім беретін мектепке алғыс жарияланып, №35 мектеп-лицейінің директоры Леонид Черыкаев, №4 жалпы орта және қосымша білім беретін мектеп директоры Маулен Диммағамбетовке алғыс хат табыс етілді.
Салтанатты шарада Мектептен тыс жұмыс орталығының «Жұлдыз» би тобы, «Шаттық» вокал тобы өнер көрсеттті. Сондай-ақ жеңімпаздарға жайдарманшы Әскербек Баянғалиев, «Шабыт» балалар шығармашылық орталығының «Жаңа толқын» вокал студиясының тәрбиеленушілері «Олимпиада гимні» әнін, «Junior Eurovision-2021» ән байқауы ұлттық іріктеу кезеңінің жеңімпазы, Франция астанасы Париж қаласында өткен “Junior Eurovision-2021” халықаралық ән байқауында Қазақстанның атынан өнер көрсетіп, үздік ондық қатарына енген жас дарын иесі, М.Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейінің 6-сынып оқушысы Әлинұр Хамзин «Алға» әнін тарту етті.