Инвестициялық жобаның басты мақсаты – Орал қаласында экологиялық таза отын өндірісін құру. «ҚазТрансГаз Өнімдері» ұлттық компаниясымен әріптестік аясында қызмет ететін станция бүгін өз жұмысын бастады.
«Метан-Сервис» ЖШС директоры Әнуар Траисовтың айтуынша, ескі жанармай бекетін жаңғыртып, АҚШ, Аргентина өндірген жаңа технологиялармен жабдықтаған.
– Басты мақсат – қаланың атмосфералық ауа сапасын жақсарту. Қазіргі таңда бүкіл әлемде экологиялық талаптар күшейді. Біздің елімізде де Мемлекет басшысы бұл бағытты басымдыққа айналдыру қажеттігін айтқан болатын. Метан – экологиялық таза әрі табиғи газ. Өңірімізде алғаш боп метан өндірісін бастап жатырмыз. Алдағы уақытта тағы да дәл осындай станцияларды ашуды жоспарлап жатырмыз, – дейді Әнуар Балуашұлы.
Компрессорлық станцияның ашылуына қала әкімі Абат Шыныбеков қатысып, өндіріс орнымен танысып шықты.
–Инвестиция тартудың басты мақсаты – халыққа сапалы қызмет көрсету мен өңіріміздің экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталуы тиіс. Бұл біріншіден, қолданыстағы экологиялық кодекстің талаптарына сәйкес жанар-жағармай бекеттері, табиғи газдарды пайдалану жұмыстарына қойылатын талаптарды ескере отырып, жергілікті инвесторлармен бірлесіп, метан газының біздің қаладағы көліктерге қызмет көрсету сервисін ашу мәселесі бойынша жұмыстар жүргіздік. Осының нәтижесінде бүгін «Метан-Сервис» компаниясы алғашқы метан газын өндіретін станциясы мен бекетін ашып отыр. Биылғы жылдың соңына дейін екінші бекет ашу ойда бар. Екіншіден, қазіргі таңда қалада автокөліктердің көбеюі мен олардың дизель және бензин отынымен жүретіні болып отыр. Мұның қаланың тыныс-тіршілігіне кері әсерін тигізетіні сөзсіз. Осыны ескере отырып, экологиялық таза метан газымен жабдықтау үшін осындай сервистік қызметтерді ашуға көңіл бөліп отырмыз. Біртіндеп шаһардағы қоғамдық көліктер, коммуналдық мекеменің көліктері метан газын тұтынуға бейімделмек, – деді шаһар басшысы.
Жанармай құю бекеті бір уақытта сегіз көлікке қызмет көрсетеді.Бұл көлік жүргізушілерінің уақытын үнемдейді. Станцияның сыйымдылығы - сағатына 5000 м3 отын құрайды.Инвестициялық жоба алдағы уақытта да қаланың өзге де аудандарында іске қосылмақ.