Бүгін Круглоозерный кенті әкімінің халыққа есеп беру кездесуі өтті. Шараға Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қатысты

Бүгін Круглоозерный кенті әкімінің халыққа есеп беру кездесуі өтті. Шараға Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қатысты
Алдымен Круглоозерный кентінің әкімі Аманбай Неғметов кентте атқарылған ілкімді істер мен алдағы жоба-жоспарларға тоқталып өтті. Оның айтуынша, былтыр Круглоозерный тұрғындарын қуанышқа кенелткен жаңалық — жаңа 100 орындық балабақша ғимаратының ашылуы болды. Өткен жылғы есептік кездесуде Серебряково ауылының тұрғындары дәрігерлік амбулатория қажет екенін алға тартқан болатын. Бұл мәселеле де оңынан шешіліп, қазіргі таңда аталған ауылда №6 қалалық емхананың тапсырысымен отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Кентте 2021 жылы 1,7 км жаяу жүргінші жолы салынып, Серпер көшесі және Серебряково ауылына кіреберіс жол жарықтандырылған. Бұдан бөлек, 4 жаңа аялдама павильоны, 10 қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған контейнер алаңдары орнатылған. Кент аумағында 3 балалар ойын алаңдары салынды. Былтыр тағы бір түйткілді мәселелердің бірі шешіліп, Көшім каналы арқылы өтетін жаңа пантонды көпір орнатылды.
Биыл да бұл жұмыстар жалғасын таппақ. Кент әкімінің мәлімдеуінше, 2022 жылы Атамекен шағын ауданына шағын футбол алаңын салу жоспарланған. Сонымен қатар Круглоозерный кентінің кіреберіс жолын жарықтандыру, кентке қосымша транформаторлар орнату көзделген. Бұдан бөлек, көше жолдарын жөндеу, жаңа қоқыс алаңдарын орнату сияқты жұмыстар жүргізілетін болады.
Мұнан соң сұрақ-жауапқа кезек беріліп, тұрғындар тарапынан кентті одан әрі дамытуға қатысты ескертпелер мен ұсыныстар айтылды. Азаматтар электр энергиясы мен газ тарифтерінің қымбаттауы, жолдар мен тротуарлардан қар мен мұздан тазарту, көшелерге асфальт төсеу, мектептің материалдық-техникалық базасын нығайту, 51 маршрут қызметін қалыпқа келтіру, кент аумағынан әлеуметтік дүкен ашу, мал-дәрігерлік қызметті жақсарту, қаңғыбас иттермен жұмыс, мал жайылымына арналған жерді ұлғайту, такси бағасының қымбаттауы, көшелерге ауылға еңбегі сіңген адамдардың есімдерін беру сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Барлық сұрақтарға қала әкімі, тиісті сала басшылары мен кент әкімі жауап берді. Олар мәселелерді шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды атап өтті.
Кездесуді шаһар басшысы Абат Шыныбеков түйіндеді.
«Бүгін тұрғындар өте маңызды мәселелер көтерді. Круглоозерный — қаланың іргесінде орналасқан кент. Алдағы жылы қарқынды дамитын аумақ болады. Өздеріңіз білесіздер, кент маңынан жер телімдері дайындалды. Жақын арада жер телімдерін кезекте тұрған азаматтарға бере бастаймыз. Яғни, кенттің аумағы өседі, халық саны да көбейеді. Сондықтан Круглоозерный кенті қаланың орталық аудандарымен бірге дамуы қажет. Мұнда мал шаруашылығын дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындауға толық мүмкіндіктер бар. Сонымен қатар жаңа әлеуметтік нысандарды ашуға жеке секторды тарту жұмыстарын жалғастыруымыз керек», — деді қала әкімі.
Шаһар басшысы алдағы жоба-жоспарлардың тұрғындар ұсыныс-ескертпелері ескеріле отырып жүзеге асырылатынын жеткізіп, кентті дамытуға қоғам болып атсалысуға шақырды.