Бүгін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «Отбасы банк» салымшылары болып табылатын және тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар жаңа баспанаға қол жеткізді. Қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан тағы бір тоғыз қабатты, 180 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.
Қала әкімі Абат Шыныбеков тұрғындарға пәтер кілтін салтанатты түрде табыс етіп, қуаныштарына ортақтасты.
–Баршаңызды бүгінгі қуаныштарыңызбен, жаңа қоныстарыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекетіміздің сындарлы саясатының нәтижесінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында қазақстандықтар жылма-жыл жаңа баспанаға ие болып келеді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы — халықтың әл-ауқатын, тұрмыстық жағдайын жақсарту. Бүгінде өңіріміздегі үй мәселесін шешуде барынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұл тұрғын үй – мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғындар игілігіне беріліп жатқан бесінші үй. Бүгін міне шаһарымыздың тұрғындары мемлекеттік бағдарлама аясында тағы да қоныс тойын тойламақ. Алдағы уақытта осы шағынаудан аумағы кеңейіп, жаңа орталықтар, спорт кешендерін ашуды көздеп отырмыз. Қоғамдық көлік мәселесін оңтайландыру мәселесі де қолға алынды. Басты мақсат — тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, қолайлы өмір сүруге жағдай жасау, – деді шаһар басшысы.
Орал қаласының құрылыс бөлімінің тапсырысымен бой көтерген тұрғын үй құрылысын «Болашақ–Т» ЖШС мердігер мекемесі жүргізген. Тұрғын үйдің жалпы аумағы - 15105,01 шаршы метрді құрайды.
Жаңа қоныс иелерін «Отбасы банк» АҚ БҚО филиалы директорының орынбасары Ринат Кусмановта құттықтап, жаңа пәтер иелеріне бақ-береке тіледі.
Райхан Бектемірова 2008 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған. Баспаналы болған Бектеміровтер әулеті бүгін бақытты жандардың қатарында.
– Біздің әулетіміз үшін бүгін үлкен қуаныш. Көптен күткен баспанамызға қол жеткіздік. 14 жыл баспана кезегінде тұрдық. Мемлекеттік бағдарлама аясында бүгін екі бөлмелі пәтерге ие болдық. Ел үшін жасалып жатқан игі істеріңізге рахмет айтамыз, – деді жаңа пәтер иесі.
Айта кетейік, соңғы он жылда Орал қаласында мемлекеттік бағдарламалар аясында 67 көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.