Бүгін шаһар басшысы Абат Шыныбеков Желаев селолық округінің тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қала әкімінің қабылдауына келген тұрғындар округтегі жаңадан салынған көппәтерлі тұрғын үй ауласына балалар алаңын салу, интернет қолжетімсіздігі жайында және №14 маршрут кестесіне, «Жайық таза сервис» жұмысына, бау-бақша серіктестігіне қатысты мәселелерді көтерді.
Ауыл тұрғындарының басым бөлігі қалаға қатынайтын №14 қоғамдық маршрут жұмысына шағым білдіріп, осы мәселені шешіп беруді өтінді. Қала әкімі бір апта ішінде жағдайды қалпына келтіруге тиісті бөлім мен «Алый Парус» ЖШС тасымалдаушы кәсіпорыны басшысына тапсырма берді. Егер орындалмаған жағдайда тасымалдаушы кәсіпорынмен жасалған келісімшарт тоқтатылатынын жеткізді.
Ал шаһар басшысы қабылдауға келген бау-бақша серіктестігі тұрғындарының мәселесін шешу үшін алдағы уақытта мән-жайды анықтап, тиісті шаралар қабылданатынын айтты.
Қабылдауға келген әр тұрғынның өтініш-тілегін ескерген қала әкімі округ әкімі мен тиісті бөлім басшыларына тапсырма беріп, көтерілген мәселелер күн тәртібіне қойылатынын жеткізді.
Айта кетейік, қала әкімінің тұрғындарды қабылдау өткізу шаралары кесте бойынша жалғасатын болады. Шаһар басшысы ертең, яғни 9 ақпан күні 15.00-де Деркөл кенті тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдайды.