Шаһардың тыныс-тіршілігіне қатысты тұрғындардан түскен сұрақтарға жауаптар
Айта кетейік, тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға «AQJAIYQ» телеарнасында өткен тікелей эфирде Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков жауап берді.
Ветелки тұрғындары:
1. Біз Ветелки ауылы тұрғындарының атынан өзіміздің толғандырып жүрген сұрағымызды қойғымыз келеді .Ветелки ауылына қанша жылдан бері уәде етіліп жүрген жолымыз биыл көктемде өз жұмысын бастайды деп уәде берді, жұмысы көктемде бастала ма екен?
2. Ветелки ауылына қатынайтын №53 «Орал-Ветелки» бағытындағы маршрут өз жұмысын толығымен атқармай отыр. Маршрут күніне үш мезгіл қатынаудың орнына тек екі мезгіл жүреді. Қалаға баратын адамдар баратын жеріне жете алмай, күннің суығында жолға шығып қиналып жүреміз. Біздің осы сұрағымыз шешімін табады деген сенімдеміз.
–2019 жылы Ветелки ауылына ауыз су жетті, тұрғындарды 2020 жылы сапалы интернетпен қамтыдық. 2020 жылдан бастап Деркөл кенті мен Ветелки ауылының арасындағы 18 шақырым жолды күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Қазіргі таңда жоба аяқталып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Сәйкесінше сараптамадан оң қорытынды алса, тиісті қаражат бөлінген жағдайда жоба әрі қарай жүзеге асатын болады.
Екіншіден, аталған ауылға қатынайтын №53 «Базар – Ветёлки» бағытындағы маршрут жұмысына қатысты мәселе бары рас. Тасымалдаушы «Ақжол авто» ЖШС-не келісімшарт бойынша қаңтар айының соңына дейін талаптарды орындау туралы сот алды хаты жолданды. Егер тасымалдаушымен аталған келісімшарт талаптары орындалмаған жағдайда әкімшілік сипаттағы шаралар қолданатын болады.