
19 желтоқсанында Франция астанасы Париж қаласында өткен Халықаралық «Junior Eurovision-2021» ән байқауында өнер көрсеткен Әлинұр Хамзин елге оралды. Барша әлем көз тіккен, 19 ел бақ сынаған атаулы додада еліміздің намысын қорғанған Әлинұр Хамзин мен Бекнұр Жәнібекұлы З.Райымбек пен А.Адамның сөзіне жазылған Н.Қанайдың «Ертегі әлемі»әнін орындап үздік ондықтың қатарынан көрінді.
Осы орайда Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысы С.Қайрлиев бастаған,Мәдени-ағарту бірлестігі ұжымы әуежайдан Әлинұр Хамзинді қарсы алды.
Көпшіліктің ықыласына бөленген Әлинұр ән байқауындағы әсерімен бөлісті.
Алғаш рет Junior Eurovision-2021 ән байқауының Ұлттық іріктеуінің финалында екі қатысушы жеңімпаз атанды. Финалда Бекнұр Жәнібекұлы және Әлинұр Хамзин бірдей 30,5 пайыз дауыс жинап, Париж қаласына жолдама алған болатын. Халықаралық байқауда қазылар алқасының бағалауы және телекөрермендердің SMS-дауыс беру нәтижелері бойынша жалпы есеппен біздің өнерпаздарымыз 8-орынға жайғасты.