Мерекелік жиында қала әкімі Абат Шыныбеков оралдықтарды мерекемен құттықтап, Тәуелсіздік жылдары шаһарымызда атқарылған бірқатар оң өзгерістерге тоқталды.
–Сіздерді еліміздің ұлық мерекесі – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміз тарихи дамудың жаңа белесіне көтерілді. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы аңсаған арманының жүзеге асқанына биыл 30 жыл болды. Қол жеткізген тәуелсіздігімізді баянды ету жолында үлкен жұмыстар атқарылды. Қазақстан серпінді дамыған ел ретінде әлемдік аренадан өз орнын еншіледі. Бұл қазақстандықтардың қажырлы күш-жігері және тынымсыз еңбегінің арқасы деп білеміз.Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына қадам басқан кезеңде Орал қаласы да толайым табыстар мен жетістіктерге қол жеткізіп, айтулы белестерді бағындырды. Тәуелсіздік алғаннан бері біздің қаламыз үздіксіз даму үстінде. Әлеуметтік-экономикалық ахуалы артып, қалада құрылыс қарқын алып, көптеген нысандар бой көтерді. Аз уақытта жаңа шағын аудандар салынып, көне шаһарымыз көркейіп, абаттандырылды, – деді.
Салтанатты іс-шарада шаһар басшысы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ҚР Президентінің «Құрмет грамотасы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі мен облыс әкімі және қала әкімінің Құрмет грамотасын әртүрлі салада ел мерейін асырып жүрген оралдықтарға тапсырды.
Мерекелік наградаларды табыстаған Абат Абайұлы:
–Халқымызда «Еңбегіне қарай – құрметі» деген нақыл сөз бар. Осы ретте біз еліміздің, қаламыздың өркендеуіне еңбегі сіңген жерлестерімізге Тәуелсіздігіміздің мерейтойына орай құрмет көрсетеміз. Бұл сіздерге, сіздер арқылы барлық ұжымға, отбасыңызға берілген лайықты баға деп есептеймін. Баршаңыздың жанұяңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық пен ырыс-береке тілеймін. Егемен еліміз бейбітшілік пен ұлтаралық келісім аясында өркендеп, гүлдене берсін! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай! Ұлы мейрам құтты болсын! – деген тілегін жеткізді.
Мерекелік іс-шарада «Бабалар аманаты», «Ұлы дала ұрпағы» қойылымдары сахналанып, қала көркемөнерпаздарының концерттік бағдарласымен лайықты жалғасын тапты.