«КӨШБАСШЫНЫҢ ДАРА ЖОЛЫ»

«КӨШБАСШЫНЫҢ ДАРА ЖОЛЫ»
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Орал қаласындағы білім беру саласында еңбек етіп, жаңа бастамалардың куәгері Һәм бастаушысы болған жандардың жас ұрпаққа, еліне, ұлтына берген өнегесін, жүріп өткен өзіндік сара жолын дәріптеу мақсатында «Көшбасшының дара жолы» атты білім беру саласында дара жолын қалдырған ардагер ұстаздардың қазіргі мектеп басшыларымен кездесуі өтті. Орал қаласы білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараға қала басшысы Абат Шыныбеков арнайы қатысты.
Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға негізделген шарада КСРО ыдыраған кезеңде, Қазақстан Тәуелсіздігінің қалыптасуының алғашқы жылдарында қалалық білім бөлімін, кейін БҚО білім басқармасын басқарған ҚР білім беру саласының үздігі, Ы.Алтынсарин, «Құрмет» ордендерінің иегері Светлана Бисембаева, қаламыздағы №27, 36, 42 қазақ мектептерінің негізін қалап, қалыптасуына үлкен еңбек еткен Светлана Бахишева, өзінің педагогикалық еңбек жолында ұстаздар мен шәкірттердің жүрегіне жол тауып, ұжымды қамқорлыққа, бірлікке ұйымдастыра білген шебер басшы Сафура Мусина, харизматикалық көшбасшы ретінде дараланған Тамара Рудич, қиын жылдары мектептегі әр істің басы-қасында жүріп, заман талабына сай білімді ұрпақ тәрбиелеуде аянбай қызмет еткен «жеті қырлы, бір сырлы» басшы Валиса Ихсанова, шебер басшы, өнегелі ұстаз Баян Досқалиева және ұйымдастырушылық жоғары кәсібилігі, таланты, мақсаткерлігі, рухани жомарттығы және қаламыздың білім беру саласындағы көпжылдық қажырлы еңбегімен ерекшеленетін Александр Мозжухин естеліктермен бөлісті.
Егемендіктің алғашқы жылдарындағы білім беру саласында түбегейлі өзгерістердің орын алуы, Орал қаласында қазақ мектептерін, гимназияларды ашуда атқарылған жұмыстар, берілген ғимаратты мектепке бейімдеу, оқу құралдары мен жабдықтарды жинауда кездескен қиындықтар мен оқиғаларды еске алды. Өз естеліктері арқылы білім ұясын басқарудағы, жаңа белеске көтерудегі тәжірибелерін ортаға салды.
Кездесуде қала басшысы Абат Шыныбеков шара қатысушыларын Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен құттықтап, білім саласының дара көшбасшыларына қаламыздың дамуы мен көркеюіне, білім саласының өркендеуіне қосқан үлесі үшін алғыс хат табыс етті. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы БҚО ұйымы Орал қалалық комитеті атынан ардагер-педагогтарға естелік сыйлық ұсынылды.
Кездесу кешін Орал қаласы білім беру бөлімінің басшысы Ақжарқын Темірханова қорытындылап, Оқушылар сарайының өнерпаздары ән шашуларын тарту етті.