Форумға Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков, қоғамдық және жастар ұйымдарының жетекшілері мен мүшелері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты.
Іс-шара мемлекеттік жастар саясатының шаһарымызда жүзеге асырылу барысы туралы жайында Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дулат Жүсіпқалиевтің баяндамасымен басталды.
Қазіргі таңда 55000 мыңнан астам жастар болса, 64 жастар қоғамдық бірлестіктері жұмыс істейді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша жастардың жұмыссыздық деңгейі 2,1 пайызды құраған. Жыл басынан бері жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықта жұмыссыздық, діни, заңгерлік, психологиялық тұрғыда 8637 жас кеңес алды. Орталықтың жүргізген жұмыстары нәтижесінде 926 жас тұрақты жұмыспен қамтылды.
Осыдан кейін ашық алаңда спикерлер ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, келер жылға арналған жоспарларын таныстырып өтті.
2022 жылы ашылатын «Орал жастары» порталының жұмыстары мен бағыттары туралы ҚазИИТУ ақпараттық орталығының директоры Сергей Офицеров, «Білімді жас» — қалалық жастар ресурстық орталығы мен волонтерлардың ұйымдастыруымен жасалатын жастарға арналған тегін тіл және компьютерлік сауаттылық, СММ маман, мобилография, аспапта ойнау, шаштараз, кондитерлік, алғашқы медициналық көмек курстары ашу жайында М.Өтемісов атындағы БҚУ студенті Нұрдана Изғалиева, «Дені сау жас» бағыты бойынша студенттерге арналған спорттық лигалары жайлы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ студенті, «Орал жастары» волонтерлық қозғалысының көшбасшысы Ақниет Рашидова, «Рухты жас» бағыты бойынша жастарға арналған ұлттық, рухани жобалары жөнінде Қазақша «Stand Up» резиденті, ақын Дәурен Шамұратов таныстырса, «Назар аудар» театрының актеры Азамат Аленов әлеуметтік бейнероликтардың маңызы жайында ойын қосты.
Форум барысында шаһар басшысы жыл бойы жастар саясатын жүзеге асыруда ерекше белсенділік танытқан оқу орындары, қоғамдық ұйымдар мен белсенді жастарды марапаттады. Сонымен қатар Абат Абайұлы ең жас кәсіпкер Бейбарыс Сұлтанның бала тілегін орындап, тәтті тағамдар пісіруге арналған пеш сыйға тартты.
Іс-шара оралдық жастардың жаңа әнұранымен түйінделді.