ШАҺАР БАСШЫСЫ ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСТАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ

ШАҺАР БАСШЫСЫ ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСТАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Қала әкімі Абат Шыныбеков 1991 жылы дүниеге келіп, бүгінде әр салада жемісті қызмет етіп жүрген жастарды арнайы қабылдады. Олардың бірқатары биыл Орал қаласында жарық көретін «Fresh city» журналының Тәуелсіздік құрдастарына арналған айдарының кейіпкерлері болған.
«Алдымен баршаңызды тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құттықтаймын! Еліміз егемендігін алып, тәуелсіздіктің бесігінде тербелген осы 30 жыл ішінде мемлекеттігін нығайтып, әлемдік аренадан дербес, қуатты, экономикасы дамыған ел ретінде өзіндік орнын алды. Мемлекетіміз осы күнге дейін жеткен жетістіктеріне қарамастан, ұдайы даму үстінде. Сіздер де – Тәуелсіздіктің төл құрдасы ретінде биыл мерейлі жасқа келдіңіздер. Жас мемлекетімізбен бірге есейіп, бой түзедіңдер. Әр салада жемісті қызмет етіп, егемендігімізді одан әрі нығайтудасыз. Елімізді жаңа белеске шығарар жалынды жастардың көшбасшыларысыз», —деді қала басшысы.
Мұнан кейін «Fresh city» журналының бас редакторы Аида Боранқұлова сөз алып, Тәуелсіздіктің құрдастарына арналған айдар ашудың негізгі мақсаты әр салада биік белестерге жеткен жастардың еңбегін насихаттау, оларды өзге жастарға үлгі ету екендігін жеткізді. Кездесуде Тәуелсіздіктің құрдастары жетістіктерімен бөлісіп, алдағы жоба-жоспарларына да тоқталды.
Басқосу соңында қала әкімі Абат Шыныбеков кездесуге қатысқан жастарға алғыс хат пен естелік сыйлықтарды табыс етіп, елімізді өркендету жолындағы істеріне сәттілік тіледі.