«Тәуелсіздік –тұғырым»

«Тәуелсіздік –тұғырым»
Дәл осындай атаумен Оралда облыстық жас ақындар айтысы өтті.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі аясында «30 жұлдызды күн» іс-шаралар жоспары аясында өткен айтысқа Орал қаласының және өңіріміздің Ақжайық, Жаңақала,Сырым, Қаратөбе, Бөкей ордасы аудандарынан келген жас өрендер қатысып, бақтарын сынады.
Басты мақсат – қазақ халқының төл өнерін дамыту және көркем әдеби тіліміздің мәртебесін көтеру, жас ұрпаққа жеткізу, өңіріміздің жас таланттарын анықтап, қолдау көрсету.
Айтыстың ашылу салтанатында Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов қала тұрғындарын Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құттықтап, жыр додасына қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Жастар» мәдениет үйі мен және Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы
ұйымдастырған жыр додасына Орал қаласы әкімдігі қолдау көрсетті.
Айтысты Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы, бірқатар жыр жинақтарының авторы, жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин жүргізді.
Айтыс жүлдесіз өтсе де, жас ақындар айтыс көрігін қыздырды. 6 жұп өнер көрсетіп, 30 жыл ішінде еліміздің жеткен жетістіктерін жырлады.
Өнер көрсеткен барлық қатысушы ақындарға Орал қаласы әкімі атынан арнайы алғыс хат пен шабыттандыру сыйлығы берілді.
Айтыстың марапаттау салтанатында сөз алған Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медельінің иегері, Қадыр Мырза әлі атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла жас ақындарға қолдау білдіріп, жыр додасын ұйымдастырған Орал қаласы әкімдігіне алғысын білдірді.