ҚАЛА ӘКІМІ АҚ ХАЛАТТЫЛАРҒА АЛҒЫС АЙТТЫ

ҚАЛА ӘКІМІ АҚ ХАЛАТТЫЛАРҒА АЛҒЫС АЙТТЫ
Бүгін ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесі аясында «30 ЖҰЛДЫЗДЫ КҮН» іс-шаралар легі аясында «Мың алғыс сізге, ақ халатты абзал жандар» атты мерекелік концерт өтті. Әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш–жігерін салатын әрі өмір мен өлім үстіндегі адам жанын ажалдан арашалап, дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созуға дайын ақ халатты абзал жандарға қай кезде де құрметке лайық.
Мерекелік кешке қала әкімі Абат Шыныбеков қатысып, қадірлі мамандық иелеріне тілегін арнады.
–Денсаулық — адам үшін баға жетпес байлық. Ал дәрігер — адам жанының арашасы. Қиын уақытта халықтың денсаулығы мен өмірін сақтайтын сiздердің мамандықтарыңыздың маңыздылығына қашан да куәміз. Әлемді шарпыған пандемия кезінде алдыңғы шепте күресіп, ауруды анықтау, науқасты емдеу, індеттің одан әрі таралмауы жолындағы еңбектерiңіз орасан. 30 жыл ішінде қол жеткізген осындай еңселі жетістіктеріміз еселеніп, тәуелсіздігіміздің баянды болуы жолында сіз секілді ақ халатты абзал жандардың қосқан үлесі зор. Әсіресе, пандемия кезінде анттарыңызға адал болып, қиын кезеңде қажырлы еңбек еттіңіздер. Тағы да сіздерді егемен еліміздің ұлық мерекесімен құттықтай отырып, сiздерге бiрiншi кезекте мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық және игi iстерiңiзге табыс тілеймін. Атқарып жатқан еңбектерiңiз халыққа қуаныш сыйлап, кәсіби біліктіліктеріңіз арта берсін,– деді шаһар басшысы.
Мерекелік кеште әлемді шарпыған пандемия кезінде алдыңғы шепте күресіп, еңбегі жоғары бағаланған сала қызметкерлеріне қала әкімінің алғыс хаты табысталды.
Іс-шара Жастар мәдениет үйі өнерпаздарының ақ халатты абзал жандарға арналған арнайы концерттік бағдарламасына ұласты.