ОРАЛДА ЖАҢА МЕШІТТІҢ ЖОБАСЫ МАҚҰЛДАНДЫ

ОРАЛДА ЖАҢА МЕШІТТІҢ ЖОБАСЫ МАҚҰЛДАНДЫ

Бүгін Орал қаласының Зашаған кентінде салынатын мешіт құрылысы бойынша жұмыс тобының мәжілісі өтті.Жиынға БҚО-ның және Орал орталық мешітінің бас имамы Бақытжан Сабырәлиев, облыс және қала депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, сәулетшілер және қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары мен өзге де жұмыс тобының мүшелері қатысты. Баршаға мәлім, мамыр айында жаңа мешіттің қазығы қағылған болатын. Осыдан үш ай бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында мешіт құрылысына жоба қабылдау бойынша байқау жарияланды. Байқауға Қазақстанның әр өңірінен 6 жоба ұсынылған. Жиынға комиссия мүшелері әр жоба бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Нәтижесінде алматылық сәулетші Қасиет Тәшімбетовтың жобасы мақұлданды. БҚО-ның және Орал орталық мешітінің бас имамы Бақытжан Сабырәлиев мәлім еткендей, қазіргі таңда қаладағы мешіттерде жұма намазында жамағаттың көп жиналуы орын тапшылығын тудырады екен. Бас имам жаңадан құрылысы басталатын мешіт тұрғындарымыз үшін ыңғайлы болатынын жеткізді. Мешіт құрылысына демеушілер мен инвесторларды тарту көзделген. Жаңа мешіттің орны 0,88 гектарды құрайды. Бір мезгілде 1500 адам сыятын мешіт қазақы нақышта яғни, ұлттық ояулармен безендірелетін болады. Мешітте құран оқу, оқу-ағарту сабақтарын жүргізетін және неке қию залдары болады. Бұдан бөлек, мешіт аумағында 100-150 адамға арналған шатырлы алаң, шағын бақ, 500 орынға арналған автотұрақ салу қарастырылған.