ОРАЛДА ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ҚОС СПОРТ НЫСАНЫ АШЫЛДЫ

ОРАЛДА ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ҚОС СПОРТ НЫСАНЫ АШЫЛДЫ
Бүгін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай «30 Жұлдызды күн» іс-шаралары аясында Орал қаласында «Каратэ-WKF Арина каратэ» және жауынгерлік өнер түрлері бойынша екі орталық ашылды.
Орталықтардың ашылу салтанатына қала әкімінінің орынбасары Мирболат Нұржанов қатысып, өскелең ұрпақты ептілік пен төзімділікке тәрбиелеп, салауатты өмір салтын қалыптастыруда жаңа спорт нысандарының маңызы зор екенін атап өтті.
Каратэ-WKF Арина каратэ орталығының аумағы 240 шаршы метрді қамтитын заманауи спорт кешенінде балалар мен жасөспірімдер үшін барлық жағдай жасалған. Мекемеге жан басына шаққандағы қаржыландыру қарастырылған, нақтырақ айтсақ жас буынға тегін қызмет көрсетеді. Мақсаты – Күншығыс елінің жауынгерлік өнерін бойына дарытып, ел намысын әлемдік деңгейде көтеріп болашақтың тізгінін ұстар мықты спортшы, жас буынға үлгі болар тұлға қалыптастыру.
Ал бүгінде споршылар арасында кең қызығушылық тудырып келе жатқан жауынгерлік өнер түрлеріне арнап ашылған жаңа орталықтың аумағы 250 шаршы метрді құрайды. Мұнда жас өрендер күрес және жекпе-жек спорт түрлерінен жаттыға алады.
Айта кетейік, бүгінде қаламызда салауатты өмір салтын дәріптеп, жастарға тегін спортпен шұғылдануға мол мүмкіндіктер қарастырылған.