Орал қаласы бойынша тұрғын үй кешенін жаңғырту жұмыстары жалғасуда

Орал қаласы бойынша тұрғын үй кешенін жаңғырту жұмыстары жалғасуда

Осы бағытта жыл сайын тұрған үйлердің шатырын ауыстыру, лифтілерді қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Өткен жылы 17 нысан бойынша жаңғырту жұмыстары атқарылса, биыл 15 нысан жаңа қалыпқа енбек.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау бойынша ағымдағы жылдың мамыр айында аумағы 2000 шаршы метрді құрайтын Урдинский көшесі, 1/1 мекенжайының шатырын ауыстыру жұмыстары басталып, қыркүйек айында аяқталған. Ал қазіргі таңда аумағы дәл осындай Гагарин көшесі, 36/2 мекенжайының шатыры күрделі жөндеуден өтуде. Жөндеу жұмыстары қазан айының соңына дейін жалғасады. Аталған мекенжайлар бойынша жаңғырту жұмыстарын «ГНРМАШ» ЖШС жүргізуде.

«Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы аясында көп қабатты үйлердің жедел сатылары қайта қалпына келтірілуде. Жоба аясында биыл 5 жедел саты пайдалануға беріледі. 2020 жылы тұрғын үйлерде жалпы саны 14 жедел саты ауыстырылған.
Жуков көшесі, 15/1 мекенжайында орналасқан тоғыз қабатты тұрғын үйде бүгінде жаңғырту бағдарламасы бойынша жаңа жедел саты қолданысқа берілді. «Орал Құрылыс Жөндеу Сервис» ЖШС-ның бас инженері Қыдырғали Жұрасов жеделсатыны жаңасына ауыстыруға тұрғындардың 70 пайызы келіскенін айтады.

– Жаңа жедел сатылар Беларусь елінен әкелінді. Әрқайсысының құны 14 миллионды теңгені құрайды. Бұл сомманы тұрғындар ай сайын 8 жылдың ішінде мемлекетке қайтарады. Жеделсатыларды орналастыру жұмыстарын «Әліби Лифт» ЖШС жүргізуде, – деді.