
Жаңа футбол алаңының ашылуына Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков,
Зашаған кентінің ардагер кеңесінің төрағасы Тілекқабыл Ерназаров, облыстық мәслихат депутаттары қатысып, кент тұрғындары мен спорт сүйер жастарына құтты болсын айтты.
- Баршаңызды сүйікті қаламыздың мерекесімен құттықтаймын. Жылма-жыл мереке қаламызда жаңа әлеуметтік нысандардың тұрғындар игілігі үшін қолданысқа берілуімен айшықталып келеді. Тұрғындарымыздың аулаларында балалар мен спорт алаңдарының болуы, абаттандырылуы,олардың қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету - біздің басты міндетіміз. Жаңа алаңның ашылуымен құттықтай отырып, осы жерден жас чемпиондар көп шықсын деген тілек білдіремін, - деді Абат Абайұлы.
Айта кетейік, биыл қалада заманауи үлгідегі 20 спорттық және ойын алаңын салу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда оның 14-і пайдалануға берілді. Қалған алаңдардың құрылысы да жыл соңына дейін аяқталады. Сондай-ақ 31 ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.