Мәдени жоба “Қала күні-2021” мерекесі аясында оздырылып жатыр.
Тұңғыш рет өтіп жатқан кинофестиваль елдің барлық өңіріндегі өнер майталмандарының басын қосты. Шараның құрметті қонақтары қатарында жерлесіміз қазақтың Қыз Жібегі атанған Меруерт Өтекешова, “Анаға апарар жол” фильмінің басты рөлін сомдаған танымал актриса Алтынай Нөгербек,Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” АҚ вице-президенті,режиссер,продюсер Айдар Баталов, режиссер,сценарист Ерлан Нұрмұхамбетов, деректі фильмдер режиссері Талғат Тайшанов, продюсер Жеңісхан Момышов, актриса Дариға Бадықова, деректі фильмдер режиссері Айгүл Черединова, актер,әнші Олжас Абай, актер Рамазан Амантай
сынды кино өнерінің майталмандары бар.
Бүгін кинофестивальдің қонақтары қала әкімі Абат Шыныбековтың қабылдауында болды.
Шаһар басшысы қонақтарға қош келдің айтып, ризашылығын білдірді.
-Киелі өлке Ақжайық өңіріне, Қыз Жібек туған атырапқа қош келдіңіздер.
Биыл қаламызда алғашқы рет шаһар мерекесіне орай «JaiyqFilmFest» Халықаралық қысқа метражды және деректі фильмдер кинофестивалі ұйымдастырылып отыр. Бұл біздің жас режиссерлеріміздің, танымал кино саласының үздіктерінің басын қосып, олардың жан-жақты тәжірибе алмасуына, осы саланы дамытуға серпін беретін жаңа бастама әрі мәдени жоба деп білемін. Әрі Орал қаласында кино өнерін дамыту үшін бірегей алаң құруға да сеп болары сөзсіз. Осы кинофестиваль – өңірімізде кино өндірісінің бағытын қалыптастыруға және деңгейін саралауға мүмкіндік беретін арнайы шаралардың бірі. Сол игі бастаманы бізбен бірге тамашалап, өз тәжірибелеріңізбен бөлісуге арнайы келіп отырған қонақтарымызға ризашылығымды білдіргім келеді,- деді Абат Абайұлы.
Қала әкімінің қабылдауында Меруерт Қаратайқызы туған өлкесіне келіп, осындай керемет бастаманың куәсі болғанына қуанышты екенін жеткізді. Білім мен талант болса, жастарға барлық мүмкіндік барын айтып, сәтті қадам тіледі.
Қала әкімі қабылдауынан соң шаһарымызға арнайы келген қонақтарға естелік сыйлықтар тарту етті.