Енді қала көшелеріндегі жарықдиодты шамдардың жай-күйі қала әкімдігінде орналасқан диспетчерлік пункттен бақыланады. Басқару орталығының жұмысы бүгін таныстырылды.
Қала әкімі Абат Шыныбеков атап өткендей, шаһардағы қала көшелерін жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүзеге асырылуда. Осы ретте 15 мыңдай жарықшам ауыстырылды. Жарықшамдарды басқару шкафтары орнатылып, шкафтар орталыққа байланыстырылды. Бір мониторда қала ішінде орналасқан барлық жарық нүктелер көрінеді. Қандай да бір нүктеде жарықшамның істен шығуы немесе бұзылу мен ұрлық ток болса, орталыққа дабыл түседі. Бұл жобаның іске қосылуы жарықтандыру жүйесінің сапасына, апат орындарын жедел түрде анықтап, сол орынға бригаданы жолдау арқылы ақауды дер кезінде қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Яғни, бұрынғыдай жарықшамдарды маршрут бойынша айналып, қарап шығудың қажеттілгі жоқ. Шамдардың жай-күйі тәулік бойы бақылауда болады.
Осы жүйе негізінде барлық шамдар кестеге сәкес автоматты түрде қосылып, өшіріледі. Бұдан бөлек басқару жүйесін орнатушылардың сөзінше, жүйе электр тұтынуды үнемдеуге мүмкіндік береді.
– АСУНО – сыртқы жарықтандыруды басқарудың автоматтандырылған жүйесі үш бөліктен тұрады: жарықшамдар, басқару шкафтары және басқару бөлімі. Жүйе арқылы қаланың жарықтандырылуын бір жерден басқаруға болады. Барлық ақпарат серверға түсіп, сервер арқылы картадан визуалды көруге мүмкіндік береді. Монитордан кернеудің шамадан тыс көбейгенін, қысқа тұйықталу, сырттай қосылуды көре аламыз, - дейді «Қазтехникас» ЖШС-ның даму басқармасының басшысы Әзімбек Мұрат.
Айта кетейік, АСУНО – «Казтехникас» ЖШС мен ҚБТУ-дың бірлесе дайындаған жобасы.