Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев, өңіріміздің танымал ақын-жазушылары мен тіл жанашырлары қатысты.
Фестиваль Ахмет,Мыржақып,Сәкен сынды ұлылардың образындағы сахналық көрініспен ашылып, «Тәуелсіздік» хореографиялық композициясымен жалғасты. Салтанатты іс-шарада Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Ерсайынұлы құттықтау сөз сөйлеп, шаһарда тіл саясатын жүзеге асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарына тоқталып өтті.
-Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан халқының тілдері күніне арналған «Тілдің мерейі – елдің мерейі» атты қалалық тіл фестиваліне қош келдіңіздер. Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі, ол – көп этнос мекендеген елдің барлық халқын саяси-мәдени бірлікке жұмылдыратын басты тетік. Әрбір қазақстандықтың мемлекеттік тілге құрметпен қарағаны – тұтастықтың белгісі. «Сөз түзелді, тындаушым, сен де түзел» - деген Абай атамыздың тұжырымы дәл бүгінгі күнмен үндесіп тұрғандай. Сондықтан, ендігі Сіз бен біздің алдымызда тұрған үлкен міндет – ана тіліміздің ұлы көшке ілесіп, төрге озуы жолында аянбай қызмет ету. Бұл – баршамыздың парызымыз, – деді.
Биыл қаламызда идеологиялық тұрғыдан ескірген, мемлекеттік тілдегі жазу транскрипциясы ретсіз 1 кент, 2 елдімекен, 1 алаң және 11 көшенің атауын қайта атау бойынша қоғамдық тыңдаулар өтіп, көпшілік тарапынан қолдау тапты. Өткен жылы 53 елді-мекен, көше-даңғыл атаулары өзгертілген болатын. Сондай-ақ,Орал қаласының басты даңғылы бойынша ғимараттардың қасбетіндегі ақпараттық құрылымдардың маңдайшасындағы жазуды ілген кезде алдын ала келісу міндеттеліп отыр. Қаладағы қоғамдық көлік қызметі де тіл саясатын насихаттайтын үлкен сала. Осы бағытта жолаушылар тасымалы кәсіпорындарының басшыларымен кездесіп, бірқатар тапсырмалар берілді. Қала бойынша аялдама атауларын және аялдама павильондарын ретке келтіру жөніндегі жұмыс тобы құрылды.
Салтанатты шарада Ерлан Ерсайынұлы мемлекеттік тілді дамытуда еңбектері еленген үздіктер мен тіл жанашырларына қала әкімінің атынан алғыс хат табыстады.
Фестиваль одан әрі қала өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты.