Қала әкімі Абат Шыныбеков Строитель шағын ауданының тұрғындарымен кездесті

Қала әкімі Абат Шыныбеков Строитель шағын ауданының тұрғындарымен кездесті

Қала әкімі Абат Шыныбеков Строитель шағын ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында шаһар басшысы аталған шағын ауданда жоспарланған демалыс аймағы және сол жерде салынып жатырған 5 қабатты тұрғын үй мәселесіне тоқталды.

«Өздеріңізге мәлім, Сырым Датов көшесі мен Әбілхайыр хан даңғылы бойындағы демалыс аймағының жобасы биыл жүзеге асырыла басталды. Өткен жылы демалыс аймағы өтетін жердегі барлық инфрақұрылым желілері бойынша келісімдер жасақталды. Мердігер компания “Ануш құрылыс” ЖШС. Демалыс аймағы болатын жерде бұрын “КЭШ” жылдам тамақтану орны орналасқан болатын. Алайда жеке кәсіпкер жердің нысаналы мақсатын өзгертіп, «КЭШ»-тің орнына бес қабатты тұрғын үйдің құрылысын бастады. Қазіргі таңда құрылысты тоқтатып, қолданыстағы заң талаптары негізінде жер телімін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары басталды», — деді қала басшысы.

Абат Абайұлының айтуынша, демалыс аймағының жобасын жүзеге асыру барысында сол жердегі барлық жасыл желектер сақталады.

«Жобада ағаштарды кесіп, алып тастау қарастырылмаған. Керісінше, бұл аймаққа жаңадан тал-теректер, көшеттер отырғызамыз. Мұнда тыныш орындар мен спорттық аумақтар болады. Балалар да, ересектер де, зейнеткерлер де демалып, бос уақытын тиімді өткізе алады», — дейді қала әкімі.

Кездесуде Абат Шыныбеков жергілікті тұрғындардың мәселелерін тыңдап, оларды шешу бағытында атқарылып жатырған жұмыстарға тоқталды.

Мұнан соң, шаһар басшысы Сырым Датов көшесі мен Әбілхайыр хан даңғылының бойындағы демалыс аймағының құрылыс жұмыстарын тексерді.